Қазақстандық оқушылар АҚШ-тың байқауында жеңімпаз атанды

Бүгін, 12:32 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы ҚКО

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Мерей Нұрғазы мен Зуриад Батырбектің  «Nomad VISIT» жобасы және 11-сынып оқушылары Аружан Қазыева, Асия Ғұмарқызы, Айару Ағайдардың «MediFLY» жобасы АҚШ-тың  «Ciena Solutions Challenge» байқауында 750$ көлемінде қаржылай қолдау алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ciena Solutions Challenge» - 2021 жылы Ciena және Digital Promise ұйымдарының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан байқау. Осы күнге дейін 103 елден 1200-ге жуық педагог пен оқушылар нақты проблемаларды анықтау және шешу жолдарын ұсынып келеді. Басты талап – өзекті проблемаларға БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына сай шешімдер ұсыну. Биылғы сайысқа әлемнің 23 елінен 62 команда қатысқан.

- Біздің оқушыларымыз идеяларының жәй ғана жоба  емес, шынайы қолданысқа енгізілгенін қалайды. Сол үшін зияткерлер түрлі байқауларға қатысып, қаржылық қолдау іздейді. Осы сайысқа ақпан айында оқушыларымыз онлайн қатысып, өтінім жіберген еді, - дейді Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі, «MediFLY» жобасының жетекшісі Ислам Жомартұлы.

«Nomad VISIT» жобасы – туристерге сұраныстары бойынша қажетті ақпаратты тауып беруге арналған қосымша. Әзірге қосымшада тек Қазақстан туралы мәліметтер жинақталған. Жоба үш тілде жұмыс істейді.

«MediFLY» жобасы – жасанды интеллект көмегімен квадрокоптер арқылы медициналық көмек көрсетуге арналған. Жоба жедел жәрдем көрсету қызметіндегі III және IV категориялық қоңырауларға ақпараттық тұрғыда көмек көрсетеді.

- Біз жобамызды әрі қарай дамытып, қажетті жабдықтарға жұмсауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жобамыздың қаржылық моделін дұрыс шығару үшін бізге сарапшының көмегі керек, - дейді«MediFLY» жобасының мүшесі Аружан Қазыева.