Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO-2026) қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде қолданылды. Бұл – мемлекеттік тіліміздің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасуының маңызды қадамы, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олимпиада барысында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылардың платформасында қазақ тілінде жарияланды. Осылайша, қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді.
APLO-2026 олимпиадасы Азиаттық-Тынық мұхиты елдері Қазақстан, Қытай , Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиландтан келген 300-ге жуық дарынды оқушыны біріктірді. Аталған зияткерлік жарыс -дарынды жастарды анықтауға және оларды Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға даярлауға бағытталған беделді алаң.
Қазақстан құрамасы бұл олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын 8 оқушы қорғады. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар, 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жеке есепте Азия елдерінен іріктелген үздік қатысушылар арасында Шыңғыс Қарасаев 9-орынды иеленді. Ал командалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынға тұрақтады. Алтын медальді Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Шыңғыс Қарасаев жеңіп алды.
Күміс жүлдені Астана қаласының Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков иеленді. Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT-лицейінің 11-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев пен Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Кирилл Тұрғымбаев қола медаль иегері атанды.