«40 жаста тұрмысқа шыққаны дұрыс»: Нейрохирург қыздарға кеңес берді

Бүгін, 06:45 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Нейрохирургқа жар болу — тек махаббат емес, үлкен төзім мен жауапкершілікті талап ететін таңдау. Белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың жұбайы Лаура Нариман осы өмірдің қыр-сырын бөлісті.

Екеуміз де қызылордалықпыз. Бірақ біз Ресейде таныстық. Мыңжылқы мені өзі тауып алды деп айтуға болады. Мен Қазақстанға демалысқа кетіп қалсам, 6 рет қоңырау шалыпты. Сосын «бұл миграциялық бөлім бе?» деп қайта хабарластым. Сөйтсем, «қызылордалықпын, сен де қызылордалық екенсің, кездесейік, танысайық» деді. Санкт-Петербург қаласында оқитын қызылордалық жалғыз студент қыз мен едім. Мен де «жарайды» деп келісіп, кездесіп, таныстым. 1,5 жыл дос болдық. Бірақ үшінші кездесуде маған «күйеуге шықшы» деп айтты. Мен «жоқ, алдымен дипломымызды алып, елге оралайық, содан кейін барып үйленейік» дедім, — дейді ол Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Өз кезегінде Мыңжылқы Бердіқожаев та бұл ойды қуаттайды.

Адам өзіне таныс дүниені іздейді ғой. Қызылордада ортақ таныстарымыз көп екен. Қызылорданың әңгімесі жанға жайлы. Қызылорданың қызы, шыққан жері — бәрі жақсы. Мен ол кезде медицинаны 9-шы жыл оқып жаттым. Лаура магистратураның 1-курс студенті еді. Тамаша қызды кездестіргеннен кейін «үйленейік» деп айттым. Бірақ қазақ болғандықтан той, құдалық болуы керек. Лаура «жоқ, болмайды, бәрін ретімен істейміз» деген соң, 1,5 жылдан кейін елге қайтып келдік, — дейді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Бүгінде бұл отбасының өмірінде медицина саласының өзіндік орны бар. Лаура Нариман бұл тұрғыда жауапкершіліктің жоғары екенін айтады.

Ол Санкт-Петербург қаласында оқып жүргенде-ақ кезекшіліктерге шығатын, үйде болмайтын. Сондықтан о бастан кімге күйеуге шығып жатқанымды жақсы білдім. Әрбір әйелге хирургке тұрмысқа шықсаң, көп нәрсені білуің керек дер едім. Кейде түн ішінде алып кетеді. Жылдың тең жартысы елде болмайды: шетелде, конференцияларда, операцияларда жүреді. Мұндай кезде әйел адамға көп ауыртпашылық түседі. Өйткені үйдің мәселелері, бала-шаға бар. Сонда да телефон арқылы бейнеқоңырау шалып, сөйлесіп тұрамыз. Маңызды дүниелерді күйеуім алыста болғанда қоңырау арқылы ақылдасамыз. Бірақ «қиналып, қашан күйеуім келіп көмектеседі екен» деген ой жоқ. Тұрып, бәрін өзім істей беремін, — дейді нейрохирургтың жары.

Ал Мыңжылқы Бердіқожаев отбасы түсіністігінің маңызын атап өтті.

Әрине, менің нейрохирург болғаным бір жағынан қорқытатын фактор болуы мүмкін. Өйткені психологтер «дәрігерлерден қорық» деп айтып жатады ғой. Лаураның әпкесі — дәрігер-нефролог. Ол дәрігерлердің қандай болатынын кішкентайынан көрген. Сондықтан менің нейрохирург болғаным оны қорқытқан жоқ. Үйленгеннен кейін де менің жұмыста, кезекшілікте болуым мүмкін екенін түсіністікпен қабылдады, — дейді студия қонағы.

Сонымен қатар, ол жастарға, әсіресе қыз балаларға кәсіби бағытта кеңес берді.

Қазір қыз балалар нейрохирургияны таңдап жатыр. Өзім де нейрохирург болып, операция жасап жүрген бірнеше қызды танимын. Әрине, олар алдымен кәсібін жолға қойып, аяққа нық тұруы керек. Одан кейін операцияны күнделікті дағдыға айналдыру қажет. Егер ерте күйеуге шығып, балалы болып, декреттік демалысқа кетсе, қиын болады. Сол үшін, мүмкін болса, мансапты қалыптастырып, 40 жасқа жақындаған кезде тұрмысқа шыққаны дұрыс деген ағалық кеңесім, — дейді дәрігер.

Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, жұмысының басым бөлігі шетелде өтеді.

Мен уақытымды жанұяма, бала-шағама бөлгім келеді. Балалар кейде демалысты бізбен бірге өткізгісі келеді. Бірақ менің жұмысым Астанамен байланысты емес. Жұмысымның басым бөлігі шетелде өтеді. Оның бәрі осы жанұяны аяққа тұрғызуға, асырауға бағытталған, — дейді ол.