Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау ережелерін жаңартуды қолға алды. Ведомствоның мәлімдеуінше, негізгі мақсат – мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайтып, оларды формальды талаптар арқылы емес, нақты кәсіби нәтижелері бойынша бағалау, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаңа өзгерістер аясында аттестаттау үдерісінен міндетті эссе, ғылыми мақалалар, авторлық бағдарламалар мен түрлі оқу-әдістемелік материалдар алынып тасталады. Министрлік мұндай тапсырмалар уақытты көп алғанымен, білім сапасына айтарлықтай әсер етпегенін атап өтті.
Сонымен қатар тестілеу жүйесі де қайта қаралады. Енді тестілеу барлық педагогтер үшін міндетті болмайды. Оны тек алғаш рет жұмысқа кіріскен мұғалімдер, қызметінде үзіліс болғандар, сондай-ақ мектеп басшылары мен олардың орынбасарлары және әдіскерлер тапсырады. Қалған жағдайда мұғалімнің күнделікті жұмысы мен оқушылар жетістігі негізгі өлшемге айналады.
Аттестаттау толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Үдеріс мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктірілген «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі. Жүйе мұғалімнің еңбек өтілі, біліктілігі, жетістіктері мен сертификаттары туралы мәліметтерді автоматты түрде жинақтап, құжаттарды қолмен тапсыру қажеттілігін жояды.
Бұл ретте жалақыға қатысты қолданыстағы талаптар сақталады. Тестілеуден өтіп, қажетті балл жинаған және портфолио арқылы біліктілігін растаған педагогтер 1 қыркүйектен бастап қосымша үстемақы алады.
Егер мұғалім алғашқы талпыныста шекті баллға жете алмаса, оған екінші мүмкіндік беріледі. Тесті шілде айында қайта тапсыруға болады. Ал нәтиже тағы да талапқа сай болмаса, тиісті санат берілмейді.
Сондай-ақ балама жол қарастырылған. Тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер жаңа модель бойынша аттестаттаудан өте алады. Бұл жүйе қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде іске қосылады. Қазіргі уақытта тиісті құжат жобасы келісу кезеңінде.
Жаңашылдықтар аясында ашық сабақтар саны мен біліктілікті арттыру сағаттары да қысқарады. Негізгі назар практикалық жұмысқа – жобаларға қатысуға, тәрбие жұмысына және тәжірибе алмасуға аударылады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, өтпелі кезеңде педагогтердің құқықтары толық сақталады. Жаңа жүйе мұғалімдерді артық есептіліктен босатып, олардың негізгі міндеті – оқушылармен тиімді жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.