Екібастұз қаласында 59 жастағы павлодарлық ер адам екінші қабаттағы ашық терезе алдында отырған баланы құлап кетуден құтқарып қалды. Бұл оқиға әлеуметтік желіде кең таралған видео арқылы белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға демалыс күндері болған. Ер адам ұлына қонаққа келген. Немересімен бірге балалар алаңында жүрген кезінде ол екінші қабаттағы ашық терезе алдында отырған баланы байқап қалады. Бала терезеден ойыншықтарын лақтырып ойнап отырған.
"Алғашында оған "үйге кір" деп айттым, бірақ тыңдамады. Кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін екенін түсініп, дереу жүгіріп бардым", – дейді Тоқан Байділдин.
Ер адам бірінші қабаттағы темір тор арқылы жоғары өрмелеп, екінші қабаттың балконына шыққан. Содан кейін терезеге жақындап, баланың ата-анасын шақырған. Видеода оның тар ғана балкон жиегінде тұрып, айқайлап жатқан сәті анық көрінеді.
Кейін белгілі болғандай, бала сол сәтте анасымен бірге үйде болған. Анасы бір сәтке алаңдап қалған. Ер адамның айтуынша, анасы баланы құшағына алып, терезені бірден жауып тастаған. Осыдан кейін ол есікті қағып, пәтерге кіріп, қауіпсіз түрде төмен түскен.
"Мен үшін ең бастысы – үлгеру болды. Әр секунд маңызды еді. Өзім де ата болған соң, оны өз немеремдей уайымдадым. Өз басымның қауіпі туралы ойлауға уақыт болмады", – дейді ол.