Қостанайда түнгі клубта жас жігітті сабап, ауыр жарақаттағандарға үкім шықты

Бүгін, 17:47 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанай қаласының №2 сотында жас жігітке бұзақылық ниетпен қасақана ауыр дене жарақатын келтіргендерге үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылғы маусым айында сотталушы Ал. достары С. және Ай.-мен бірге түнгі клубта алкогольдік ішімдік ішіп отырған. Би алаңында Ал. жәбірленуші Ш.-мен абайсызда соқтығысып қалған.

Осыдан кейін болмашы себепті пайдаланып, қасақана әрекет еткен Ал. жәбірленуші Ш.-ның сол жақ көзі тұсына жұдырықпен қатты соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші жерге құлап, кейін сол көзінің көру қабілетін жоғалта бастаған, яғни оған ауыр дене жарақаты келтірілген.

Бұдан кейін Ал. өз әрекетін тоқтатпай, С. және Ай.-мен бірге сыртты Ш., М., С., Р. және М. есімді жәбірленушілерді қол-аяқпен ұрып-соғып, Ш.-ға жеңіл дене жарақатын келтірген.

Сотта Ал. мен С. кінәларын ішінара мойындаса, Ай. кінәсін толық мойындап, өздеріне қатаң жаза қолданбауды сұрады.

Жәбірленуші Ш. және оның өкілі, сондай-ақ жәбірленуші М. қатаң жаза тағайындауды және азаматтық талаптарды қанағаттандыруды сұрады. Қалған жәбірленушілер жазаны соттың қарауына қалдырды.

Сот жаза тағайындау кезінде Ал. мен С.-ның кінәні ішінара мойындауын, Ай.-дың кінәсін толық мойындауын және олардың шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.

Ал барлық сотталушылар үшін қылмысты мас күйінде жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Сот сотталушылардың жеке басын, жасаған қылмыстарының ауырлығын, жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтемеуін ескере отырып, қылмыстар жиынтығы бойынша түпкілікті жаза тағайындады: Ал. – 7 жыл бас бостандығынан айыру; С. және Ай. – әрқайсысына 3 жыл бас бостандығынан айыру.

Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

 

Тэгтер:

түнгі клуб Қостанай төбелес үкім