Жуырда TikTok желісінде «Ағылшын тілінде таза сөйлейтін әжей бәрін таңғалдырды» деген атпен видео кеңінен таралды. Онда көпшілік 75 жастағы Әстерхан Шойынбайқызының ағылшын тілінде еркін, мүдірмей сөйлейтініне таңырқап, сұрақты үсті-үстіне жаудырып, таңданысын жасырмайды. 90 жылдары ағылшын тілін кәсіби деңгейде оқытып қана қоймай, техникалық бағыттағы оқу құралдарын әзірлеген Әстерхан әже бүгінде төл мәдениетімізді дәріптеу ісіне белсенді қатысып жүр. Turkystan.kz сайтының тілшісі Абайдың әндерін үш тілде шырқайтын, Наурыз мерекесін тойлау үшін сонау Америкаға барып қайтқан Әстерхан Шойынбайқызын әңгімеге тартып, аз-маз тілдескен болатын.
«1951 жылы Алматы облысында, Нарынқолда дүниеге келдім. Мұқағали Мақатаевтың қызы Майгүлмен бастауышта қатар оқыдық. 1968 жылы Нарынқол орта мектебін үздік бітірдім. Бірақ бастапқыда құжат тапсырған мединститутқа түсе алмадым. Өзім оқыған мектепте қалып, аға вожатый болып жұмыс істедім. Оқушылармен жұмыс істей алатын қабілетімді көрген ұстаздарым «Сен осы ұстаздықты таңдасаңшы» деген кеңес берді. Сол кездері мединститутта оқып жүрген бір әпкем «Ағылшын тілі болашақта халықаралық тілге айналады, соны оқы» деген ақыл айтты. Мектепте негізінен неміс тілі мен орыс тілін оқыдық қой. Нарынқол шекарада орналасқандықтан біз жақта сырттан келген офицерлер жұмыс істеді. Олардың әйелдері мектепте неміс, орыс тілдерінен сабақ беретін. Орыс тілінен сабақ берген ұстазымыз Мәскеу институтын бітіріп келген-ді. Сол кісінің жүріс-тұрысы, киім киісі, мәдениеті, бәрі-бәрі маған қатты ұнайтын. Мамандық таңдауыма сол да әсер етті деп ойлаймын. Сөйтіп біз ауылдағы қазақ мектебі бола тұра, неміс пен орыс тілін жақсы меңгердік. Ол кезде ағылшын тілі қазіргідей кең қолданысқа енбеген. Әпкем мен ұстаздарымды тыңдап, 1970 жылы Алматы шетел тілдері институтына (қазіргі Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ) түстім. Бір жыл дайындық курсын, төрт жыл негізгі курсты оқып, 1975 жылы ол оқуды тәмамдадым. Ол жерде Мәскеуден оқып келген мықты мамандардан дәріс алдым. Жақсы оқып, жоғары шәкіртақы алдым. Әлі есімде, ол уақытта өзге студенттерден он сом артық алатынмын», – дейді кейіпкеріміз.
Халықтар достығын насихаттадым
Мектеп пен университет қабырғасында қоғамдық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысқан ол еңбек жолын Нарынқол ауылында бастап, кейін Екібастұз қаласындағы орыстілді мектепте ұзақ жылдар қызмет атқарған.
«Мектепте де, студент кезімде де өте белсенді болдым. Ән салатынмын, домбыра шертетінмін, қоғамдық іс-шаралардың ешбірінен қалмадым. 1970 жылдары Нарынқолдан 50 шақты адам «Халық театры және көркем өнерпаздар театры» болып Мәскеуге, Қазақстанның он күндігіне барып өнер көрсеттік. Кейін Донецк қаласына бүкіл одақтық студенттер форумына делегат болып бардым. Осы сапарлар менің халықтар достығына көбірек көңіл бөлуіме түрткі болды. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң жолдамамен Нарынқолға қайтып келіп, өзім оқыған мектепке жұмысқа тұрдым. Онда бір-екі жыл жұмыс істеп, тұрмыс құрып, кейін Екібастұз қаласына қоныс аудардым. Ол кезде Екібастұз 28 мың халқы бар шағын қала болса да, 17 мектеп бар екен. Сол 17 мектептің тек біреуі ғана қазақ мектебі екен. Қазақ мектебіне орын болмағандықтан орыс мектебіне орналастым. Сөйтіп 1994 жылға дейін орыс мектебінде ағылшын тілінен сабақ бердім», – дейді ол.
Ағылшынша оқулықтар әзірледім
1994 жылдан бастап жоғары оқу орындарында еңбек етіп, шетелдік мамандармен тығыз байланыста жұмыс істеген ол техникалық ағылшын тілін меңгеріп, өз бетінше оқу құралдарын әзірлеген.
«1994 жылдан бастап институттарда жұмыс істедім. Өздері шақырып алды. Екібастұз кеншілер қаласы ғой. Мен барған жылдары электр стансасы салынды. Кеншілердің, энергетиктердің балаларын оқыттым. 15 жылдай шетелдіктермен жұмыс істедім. Америкадан келген мамандар көп болды. Кеңес үкіметі ыдырағанда олар Қазақстанға көптеп келді ғой. Қолым қалт етсе студенттер мен шетелдіктердің кездесуін ұйымдастыратынмын. Солай жұмыс істеп жүріп кен, жер қыртысы, энергетика, құрылыс, техника саласының терминологиясын түгел үйрендім. Ағылшын тілінде ауызекі сөйлеу оңай. Ал техника терминологиясын біліп, ағылшын тілін кәсіби меңгеру оңай емес. 90 жылдары Екібастұз болсын, Қазақстан туралы болсын, ағылшын тілінде ақпарат өте аз еді. Интернет жоқ заман. Өзіме қажет оқу құралдарын өзім әзірледім. Оқушыларыма да, студенттеріме де өз еліміздің мәдениетін, тарихын, әдебиетін ағылшын тілінде үйретуді мақсат еттім. 2001 жылы зейнетке шықтым. Бірақ зейнетке шыққаннан кейін де жұмыс істеуді тоқтатпадым. Қазақша, ағылшынша, орысша – үш тілде еркін сөйлейтін маман деп мені Павлодар институтына шақырды. Онда 70 жасыма дейін жұмыс істедім. Екібастұз қаласына жас маман болып келіп, зейнетке шығып, 70 жасымда Алматыға қоныс аудардым», – дейді ол.
Жас буынға қазақи тәрбие беруге ат салыссақ
Алматыға қоныс аударғаннан кейін де қоғамдық өмірден қол үзбеген Әстерхан апа ұлттық мәдениетті насихаттауға ден қойған. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі аясында жастармен кездесулер өткізіп, салт-дәстүрімізді кеңінен дәріптеп жүр. Абай шығармаларын үш тілде насихаттап, шетелде де ұлттық өнерді танытуға күш салып жүргенін желіден анық байқауға болады.
«Алматыда балаларым тұрады. Ұл-қыздарым да ағылшын тілін меңгерген. Үлкен қызым – ағылшын тілі маманы. Ұлым Италияда магистратура оқып жатыр. Мединститутты осында ағылшын тілінде оқыды. Алматыға келген соң да жеке меншік мекемелер жұмысқа шақырған. Өзім бармадым. Себебі төл мәдениетімізді насихаттауды жаным қалады. Алматыға келгеннен бері ұлттық киімді, кимешекті дәріптеп жүрміз. Қазақтың әдет-ғұрпын дәріптейтін «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесімін. Мектептерге, оқу орындарына барып, тәлімдік бағыттағы кездесулер өткіземіз. Жас буынға қазақи тәрбие беруге ат салыссақ деймін. Жас кезімде Абайдың, Жұбан Молдағалиев пен Мұзафар Әлімбаевтың шығармаларын көп оқыдым. Менде Абайдың 1980 жылы Мәскеуде ағылшын тілінде шыққан шығармалар жинағы бар. Өте сирек кездесетін жинақ. Қазір түрлі кездесуде, іс-шарада Абайдың «Көзімнің қарасын» орыс, ағылшын тілдерінде шырқаймын. Осылай жастардың патриоттық сезімін оятқым келеді. Кезінде елшіліктерде де осы әнді ағылшынша орындағанмын. Биыл жеке адамдардың шақыртуымен Америкаға барып келдім. Американы көру арманым болатын. Лос-Анжелес қаласында өткен Наурыз тойына қатыстық. Ол жақта жүрген қазақтардың «Ана тілімізді сағындық» деген сөзін естіген кезде кеудемді мақтаныш кернеді», – дейді ол сөз соңында.
Жазып алған Ақбота ӘБІЛТАЙ