Шымкентте рациялармен әрекет еткен гастролер-ұрылар ұсталды

Бүгін, 11:19 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Шымкент қаласында полиция қызметкерлері алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен пәтер ұрыларының тобын әшкереледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күдіктілер – Алматы облысынан келген үш азамат. Олар қала аумағында бірнеше рет ұрлық жасап үлгерген.

Тергеу барысында олардың қылмыс жасау үшін иелері үйде болмаған кезді пайдаланып, көбіне түнгі уақытта ішке заңсыз кіргені анықталды. Қолды болған заттардың қатарында ақша мен алтын бұйымдар бар.

Топ жоспарды іске асыру үшін рация қолданған. Осы арқылы олар бір-бірімен үздіксіз байланыста болып, рөлдерді бөлісіп, жағдайды бақылап отырған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің барлығы ұсталып, қамауға алынды. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауға шақырады.