ІІМ терроризм туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілік барын ескертті

Бүгін, 09:02 / Інжу Әлихан

Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін жауапкершілік барын еске салады. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке өзге де қауіптер туралы жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату фактілері тіркелуде.

Мұндай әрекеттер әзіл, қалжың ретінде жасалса да, бұлар қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, жаппай эвакуацияларға, мемлекеттік органдардың, білім беру, медициналық және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысының тоқтауына әкеледі, сондай-ақ шұғыл қызметтердің елеулі күштері мен құралдарын алаңдатады.

Бұл қылмысты жасағаны үшін ҚР заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. 

Осындай барлық хабарлама міндетті түрде тексеріледі, ал оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық құралдарды қолдану арқылы анықталады. 

Полиция азаматтарды: 

тексерілмеген ақпаратты таратпауға; 

жалған шақырулар мен хабарламалар жасамауға, 

балаларға терроризм актісі туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге 

қауіп-қатері бар хабарламалар алған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырады.