Көкшетауда жасөспірімдерге ішімдік сатқан дүкен иелері жауапқа тартылды

Бүгін, 07:26 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Көкшетауда кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқан дүкен иелеріне айыппұл салынып, лицензиясы тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жасөспірімдер қылмысының алдын алу шаралары жалғасып жатыр. Осы ретте Көкшетауда учаскелік инспекторлар алкогольді заңсыз сату фактілерін анықтаған.

Пайда табуды көздеген екі азық-түлік дүкенінің иелері заң талаптарын елемей, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру қорытындысы бойынша олар ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша жауапқа тартылды. Бұл бапта айыппұл салу және лицензияның қолданылуын тоқтату қарастырылған. «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында үш күн ішінде өңірде осындай 12 дерек тіркелді. Бұл кәсіпкерлер мен дүкен қызметкерлері тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді, — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар түнгі рейдтер барысында полиция қызметкерлері ересектердің қарауынсыз көшеде және ойын-сауық орындарында жүрген 88 жасөспірімді анықтады. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды.

Полицейлер кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, ал ата-аналарды балалардың бос уақытын бақылауға көбірек көңіл бөлуге шақырды.