Мұхтар Шахановтың жары Президентке ақынның соңғы аманатына қатысты өтініш жолдады

Бүгін, 01:59 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақынның соңғы аманатына байланысты ашық хат жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өтініш хатта ол Мұхтар Шахановтың қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, ақынның мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларының киелі мекені – Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерленуді аманат еткенін жазған.

"Ұлтымыздың біртуар перзенті, "Желтоқсан" оқиғасының шындығын әлемге жеткізген қайраткер, бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға бүгінде ауыр дертке шалдықты, хәлі аса күрделі жағдайда.

Мұхтар Шаханов — тек ақын ғана емес, ол ұлттық намыстың символы, қазақ руханиятының асқар шыңы, саналы ғұмырын елінің азаттығы мен ана тілінің мәртебесіне арнаған ірі тұлға.
Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты — өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену", – делінген хатта.

Сондай-ақ хат иесі аталған нысанның республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш екенін толық түсінетінін айтып, жерлеу және мүмкін болатын мемориалдық белгі орнату жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына толық сәйкес жүргізілетініне кепілдік беретінін жеткізген.

"Осыны ескере отырып, Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын", – деп жазды Ханшайым Шаханова.