Алматы–Өскемен тасжолында жол-көлік оқиғасы болды. Полиция мәліметінше, Foton және Mercedes-Benz Sprinter көліктері соқтығысқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, Foton жүргізушісі екінші жолақтан кері бұрылу кезінде маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, шағын автобуспен соқтығысқан.
Оқиға салдарын куәгерлер видеоға түсірген. Кадрлардан соққы көліктің бүйір тұсына тигені көрінеді, соның салдарынан есіктер қысылып қалған. Кейбір зардап шеккендерді көліктен арнайы құралдардың көмегімен алып шығуға тура келген.
Оқиға орнына ТЖД құтқарушылары келіп, арнайы жабдықтар арқылы адамдарды босатқан.
Жалпы 11 адам ауруханаға жеткізілді.