Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің жартылай финалына шықты

Бүгін, 13:10 / Нұрлан Әлинұр
ҚТФ

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Германияда өтіп жатқан WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлады turkystan.kz Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Ширек финалдық бәсекеде ол канадалық Лейла Фернандеспен (WTA рейтингінде 25-орын) кездесіп, тартысқа толы матчта жеңіске жетті.

"Корттағы текетірес тура 3 сағатқа созылды. Ойын барысы Елена үшін оңай болған жоқ: алғашқы сетте тай-брейкте есе жібергенімен, Рыбакина нағыз чемпиондық мінез көрсетіп, ойын тізгінін қайта қолға алды. Шешуші партияда қос теннисші де аянып қалмады, алайда ең сыни сәтте салқынқандылық пен жоғары кәсібилік танытқан Елена жеңісті өз пайдасына шешті. Есеп: 6:7 (5:7), 6:4, 7:6 (8:6)", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетері, Штутгарт корттары Елена үшін өте қолайлы. Ол 2024 жылы осы беделді додада топ жарып, жеңімпаз атанған болатын.

Енді финал жолдамасы сарапқа салынатын матчта Рыбакина әлемнің тоғызыншы ракеткасы Мирра Андреевамен кездеседі.