"Бұл – цирк емес, қоғамның дауысы": Депутат Ақтаудағы бұралқы иттер мәселесіне қатысты жиын туралы

Бүгін, 10:21 / Нұрлан Әлинұр
Фото: parlam.kz

Жуырда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қаңғыбас жануарлардың саны артып жатқанын және қолданыстағы реттеу жүйесі нәтижелі болмағанын айтып, мәселе көтерген-тін. Депутат қаңғыбас иттерді бұрынғы тіршілік ортасына қайтару тәжірибесінен бас тартып, қайтарымсыз аулау жүйесіне көшуді ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, Азамат Сарсенбаев Ақтауда өткен жиынды «цирк» деп бағалаған. Осыған байланысты ол жиналыстың соңына дейін отырмай, аз ғана уақыт қатысып кеткен адамның толыққанды баға беруі күмән тудыратынын жеткізді.

«Егер біреуге "цирк" керек болса — бұл оның таңдауы. Ал біз үшін бұл — адамдардың қауіпсіздігі мен қоғамның пікірін тыңдайтын нақты жұмыс», – деді Еділ Жаңбыршин.

Оның сөзінше, талқылау барысында эмоция болғанымен, бұл халықты толғандырған маңызды мәселе екені көрінді. Жиында қатысушылар өз пікірлерін айтып, сұрақ қойып, нақты жауаптар алған.

Сондай-ақ Ақтаудан және аудандардан келген азаматтар белсенділік танытқан. Кейбір тұрғындар уақыттың шектеулі болуына байланысты ойын толық жеткізе алмаған.

Депутаттың мәліметінше, екі сағат бойы ашық әрі тікелей талқылау өткен. Алматыдан келген Дамиля ханым мен Астанадан келген Мария ханым да өз пікірлерін ашық білдірген.

«Мария ханым жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту қажет екенін көтерді. Өте орынды ұсыныс. Нақты нормаларын берсе — біз талқылауға дайынбыз. Маңғыстау халқы әрқашан елдік мәселеде белсенді. Бүгінгі талқылау — соның нақты дәлелі. Бұл — цирк емес. Бұл — қоғамның дауысы», – деп түйіндеді депутат.