Астанада Қарулы күштердің үздік мергендері анықталды

Бүгін, 17:46 / Дана Ізтілеуова

Астанада Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштер құрылымдық бөлімшелері арасындағы XVI Спартакиада аясында табельдік қарумен атудан чемпионат өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы ұйымдастырған жарысқа құрамында 246 әскери қызметші бар 40 команда қатысты. Чемпионат ережесіне сәйкес, мергендер Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан дәлдеп ату бойынша екі топта өзара сынға түсті.

Алғашқы топта Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері бақ сынасты. Бұл топта жалпы командалық есепте бірінші орынды Ақпараттық технологиялар департаменті иеленсе, екінші орын Әкімшілік департаментіне бұйырды. Ал үшінші орынды Жауынгерлік дайындық департаменті мен Сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының біріккен командасы еншіледі.

Екінші топта Қарулы күштердің бас басқармалары, басқармалары, әскери бөлімдері мен мекемелерінің әскери қызметшілері сынға түсті. Нәтижесінде 14776 әскери бөлімі бірінші орынға ие болды. Ұлттық қорғаныс университетінің командасы екінші орынға тұрақтаса, үшінші орын Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасына бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар,ерлер мен әйелдер арасындағы үздік мергендер анықталып, олардың кәсіби шеберлігі ерекше аталып өтті.

Мұндай жарыстар әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігін арттырып қана қоймай, бөлімшелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Қатысушылардың айтуынша, чемпионат тәжірибе алмасуға және өзара бәсекелестікті дамытуға жақсы мүмкіндік болды.