«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, сондай-ақ азаматтардың құқықтық көмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында Маңғыстау облысы Әділет департаменті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалымен және Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп азаматтарға арналған «Тегін заң көмегі» акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты халыққа сапалы әрі қолжетімді құқықтық көмек көрсету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін түсіндіру, сондай-ақ құқықтық мәселелер бойынша жедел әрі кәсіби кеңес беру арқылы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған Сонымен қатар, акция азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелерін шешуге нақты қолдау көрсету болыр отыр.
Шараға Маңғыстау облысы Әділет департаментінің басшысы А.Кәрімов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы А.Досмағанбетов, сондай-ақ заң қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Іс-шара жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушылардың, заң консультанттарының және адвокаттардың белсенді қатысуымен өтті.
Акция барысында азаматтарға әртүрлі құқық салалары бойынша тегін кеңестер беріліп, олардың сұрақтарына нақты құқықтық түсіндірмелер ұсынылды. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға және құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында облыс аумағында азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында 50-ге жуық елді мекенде құқықтық кабинеттер ашылды. Аталған кабинеттер ауылдық округ әкімдіктерінің ғимараттарында орналасқан және заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Олар «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне, «Заң» деректер базасына, сондай-ақ eGov, e-Өтініш, «Ашық НҚА» сияқты мемлекеттік ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Бұл бастама, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтар мен шалғай ауыл тұрғындары үшін аса маңызды. Құқықтық кабинеттер халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауына нақты мүмкіндік беруде.
Маңғыстау облысы Әділет департаменті азаматтардың құқықтық көмекке деген сұранысын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді және бұл ретте мемлекеттік органдармен, заң қауымдастықтарымен тығыз ынтымақтастық орнатуда. Департамент алдағы уақытта да халыққа сапалы құқықтық қызмет көрсетуге, ашықтық пен қолжетімділік қағидаттарын сақтай отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асыра бермек.
Әділет департаменті заң үстемдігін қамтамасыз етуде, азаматтардың құқықтарын қорғауда және құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтыруда сенімді әрі тиімді институт ретінде өз қызметін жалғастыруда.