Француз кинематографиясының негізін қалаушылардың бірі Жорж Мельестің ұзақ уақыт бойы жоғалды деп саналған фильмі АҚШ-тағы ескі сандықтан табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сөз 1897 жылы түсірілген Gugusse and the Automaton туралы болып отыр. Бұл туынды кино тарихындағы алғашқы фильмдерден кейін көп ұзамай жарық көрген.
Құнды жәдігерді америкалық зейнеткер Билл Макфарланд тапқан. Сандық оның арғы атасына тиесілі болған. Ол XX ғасырдың басында ауыл-аймақтарды аралап, көшпелі кино көрсетілімдерін ұйымдастырған. Көп жыл бойы сандықта не бар екені белгісіз болған. Тек Макфарланд пленкаларды Library of Congress мамандарына тапсырған кезде ғана шындық ашылды. 10 пленка катушкасының арасынан Мельестің жоғалған фильмі анықталған.
Фильмнің ұзақтығы небәрі 45 секунд. Онда режиссердің өзі сиқыршы рөлінде ойнап, механикалық автоматпен «күреседі». Кадрлардағы монтаждық трюктер мен қарапайым спецэффектілер сол дәуір үшін өте жаңашыл болған. Жорж Мельес – кино тарихында алғаш болып сюжетке негізделген фильмдер мен визуалды эффектілерді қолданған режиссерлердің бірі. Оның ең танымал туындысы – A Trip to the Moon.
Айта кету керек, режиссердің көптеген түпнұсқа фильмдері жойылып кеткен. Олардың бір бөлігі Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайта өңделіп кеткен. Сондықтан мұндай олжа – сирек кездесетін жағдай.
Мамандар пленканы қалпына келтіріп, цифрлық форматқа көшірді. Енді бұл фильм кино тарихының маңызды бөлігі ретінде көпшілікке қолжетімді.