«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін нақты мүмкіндікке айналып отыр. Бүгінде бұл бастама арқылы өз кәсібін бастап, тұрмысын жақсартқан жандардың қатары артып келеді. Солардың бірі – көпбалалы Байқараевтар отбасы. Олардың өмір жолы мен кәсіпкерлікке келу тарихы жобаның тиімділігін айқын көрсететін нақты мысал деуге болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақтөбе облысының Мәртөк ауылында тұратын Байқараевтар отбасы кәсіпкерлікке кездейсоқ келген жоқ. Отағасы Марат жылдар бойы теміржол саласында еңбек етсе, жұбайы Күнсұлу аспаз болып жұмыс істеген. Алайда тағдырдың тосын сынағы – Мараттың аяқ астынан жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалуы отбасының өміріне өзгеріс әкелді. Осындай қиын кезеңде олар табыс табудың жаңа жолын іздеп, тәуекелге бел буады.
Алғашында отбасы шағын ғана дүңгіршек ашып, қарапайым қызмет көрсетуден бастайды. Еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында тұрақты тұтынушылар қалыптасып, сұраныс біртіндеп арта бастайды. Осылайша олар кәсіптің ауқымын кеңейту жолын іздей бастайды.
Бұл ретте «AMANAT» партиясы бастамашы болған «Ауыл аманаты» жобасы Байқараевтар отбасы үшін шешуші мүмкіндікке айналды. 2023 жылы Марат Байқараев бағдарлама аясында 6,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, кәсібін жаңа деңгейге көтерді. Нәтижесінде Мәртөк ауылында 30 орындық заманауи қоғамдық тамақтану орны іске қосылды.
Бүгінде бұл нысан – Байқараевтар отбасының табыс көзі ғана емес, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс ұсынып отырған тиімді кәсіп. Қазіргі уақытта мұнда 5 адам тұрақты еңбек етеді. Сондай-ақ кәсіпорын тәулігіне 250–300 тапсырыс қабылдап, қаладағы жеткізушілермен келісімшарт негізінде жұмыс жүргізеді. Осылайша тұрғындарға жылдам әрі сапалы қызмет көрсетілуде. Әсіресе күре жол бойында орналасқан ауыл үшін мұндай қызмет түріне сұраныс жоғары.
Байқараевтар отбасы қызмет сапасына ерекше мән береді. Барлық өнім сертификатталған, бұл тұтынушылар сенімін арттырып, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге ықпал етуде. Сонымен қатар кәсіпкерлік нысанның материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып, мәзір тандыр самса, кәуап секілді сұранысқа ие тағам түрлерімен толықтырылуда.
Кәсіпкер Күнсұлу Байқараеваның айтуынша, жобаның басты артықшылығы – нақты қолдау мен қолжетімді қаржыландыруда.
«Мәртөк ауылы күре жолдың бойында орналасқан және Ақтөбе қаласына жақын. Мұнда 10 мыңнан астам тұрғын бар. Сондықтан тез дайындалатын тағамдарға сұраныс жоғары. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібімізді бастадық. Бүгінде бұл іс отбасымызды ғана емес, тағы бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр», – дейді ол.
Жалпы Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2023 жылдан бері өңірде жалпы сомасы 17,4 млрд теңгеге 2982 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 6,5 млрд теңге өңдеу саласы мен шағын бизнесті дамытуға бағытталған 1163 жобаға берілді.
Бұл көрсеткіштер партия бастамасының ауыл экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыруға нақты үлес қосып отырғанын дәлелдейді.