Жолы ауыр жеңіл өнеркәсіп

Бүгін, 15:30 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: istockphoto.com

Елімізде жеңіл өнеркәсіп өндірісі 260 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, кейінгі бес жылда салада тұрақты өсім байқалған. Сонымен қатар былтыр рекордтық көлемде мақта жиналыпты.

Оң көрсеткіштер мен өзгерістерге қара­мастан, жеңіл өнеркәсіп әлі де им­порт­қа тәуелді. Негізгі киім-кешек бойын­ша импорт үлесі 95 пайыздан асып, ішкі на­рықтағы ұсыныстың басым бөлігі шет­­елдік жеткізушілердің бақылауында қа­лып отыр. Отандық өндіріс көлемі өс­кенімен, бұл серпіліс нарық құры­лы­мын тү­бегейлі өзгертуге жеткіліксіз де, қау­қар­сыз да. Импорт үлесі тек бірді-екілі тар сег­ментте ғана азайған.

Мақта көп, өнім жоқ

Шикізатқа баймыз. Мақта өндірумен Түр­кістан облысының фермерлері айна­лысады, жылына орта есеппен 327 мың тонна мақта өндіріледі. Бірақ отандық кәсіп­орындарда барлық шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік жоқ. Осылайша, ши­кізат көбінесе экспортқа кетеді. Ал дүкен сөрелері мен базарлар арзан, сапасыз «шет­елдің» киімдеріне толып тұр. Олар не­гізінен Түркия, Қытай, Бангладеш, Өз­бек­стан, Қырғыз Республикасы және Ита­лия сияқты елдерден әкелінеді. 
Мәселен, былтыр еліміздегі мақта өндірісі 465,9 мың тоннаға жетті, бұл – кейінгі жиырма жылдағы ең жоғары көр­сеткіш. Бір жылда 55 пайыз өсім көр­сету, жалпы, аграрлық секторда сирек кез­десетін құбылыс. Алайда бұл көрсет­кішті тек өндірістік жетістік ретінде қа­был­дау жеткіліксіз екенін айта кету ке­рек. Мұнда құрылымдық факторлар ба­сым болып отыр, сондықтан талдау да сол деңгейде жасалуға тиіс.
Ең алдымен, өсімнің табиғатына на­зар аудару керек. Кейінгі 15 жылда мақ­­та өндірісінің динамикасы салыс­тыр­малы түрде тұрақты болды, шамамен 240-396 мың тонна өнім алып келдік. Орташа дең­гей – 320 мың тоннаның айналасында. Демек, 2025 жылғы серпіліс ішкі өнім­ді­ліктің біртіндеп артуынан емес, ірі сырт­қы инвестицияның әсерінен туындаған. Нақтырақ айтқанда, мақтадан алынған өнімнің күрт өсуі Қытайдың мақтаны кешенді өңдеуге маманданған Xinjiang Lihua холдингі Түркістан облысында инвестициялық жобасын іске қосқаннан кейін байқалды. 2025 жылы шетелдік кәсіп­орынға 50 мың га жер бөлінген. Бұл жерде әдепкі әсер бар: ірі ойыншының келуі арқылы жер, технология мен ұйым­дастыру ресурстары бір жерге шоғыр­ланып, қысқа мерзімде өнім көлемі ұл­ғая­ды. Яғни, өсімнің негізгі драйвері – инс­титуционалдық және құрылымдық өзгеріс.

Бұдан кейін қосылған құн мә­­­­­селесі. Қазіргі деректер мақ­­та өн­дірісінің өскенін көр­сет­ке­­німен, өңдеу әлеуеті бойынша ай­тарлықтай ілге­рілеу жоқ. Түтілген мақ­та өнді­рі­сі­нің 53,8 пайызға өсуі – жақсы­лық­тың нышаны, бірақ өңдеу деңгейі әлі тө­мен. Тоқыма, мата және дайын киім өндірісінде жүйелі әрі айтар­лық­тай өсім байқалып отырған жоқ.
Демек, шикізат экспорты басым, ал маржасы жоғары сегменттер сырт­­та қалып отыр. Тіпті, экспорт құ­ры­лымының өзі өзгермеген, әлі де мақ­таны көбіне өңделмеген немесе жар­тылай өңделген күйде шетелге са­та­мыз. Соның салдарынан ішкі на­рық­та киім-кешек импортына тәуел­ділік сақталып отыр.
Xinjiang Lihua Қазақстанды өн­ді­рістік база ретінде қарастырып отыр, бұл – геоэкономикалық тұр­ғы­дан тү­сінікті шешім. Біз де қандай да бір тұрғыда, әрине, пайда көре ала­мыз. Алайда шетелдік инвестор өн­ді­­­рісті толық бақылап, негізгі қо­сыл­ған құнды өз тізбегінде қалдыруы мүм­кін. Егер технология трансфері, же­р-гі­лікті жеткізушілерді дамыту жә­не кадрларды даярлау жүйелі түр­де жүзеге аспаса, Қазақстан тек ши­кізат пен бастапқы өңдеу алаңы ре­тін­де қалып қоюы ықтимал.
Аграрлық құрылымға әсері тағы бар. Ірі жобалардың пайда болуы өнім­ділікті өсіргенімен, шағын және орта фермерлердің нарықтағы үле­сі­не қысым түсіруі мүмкін. Ұзақ мер­­­­­зімде бұл әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық теңгерімге әсер етеді.
Қорыта айтсақ, бұл үрдісті екі­жақ­­ты бағалауға болады. Бір жағы­нан, бұл – Қазақстанның аграрлық секторына ірі инвестиция тартудың нақты нәтижесі. Екінші жағынан, бұл өсім экономиканың құрылым­дық әлсіздігін, қосылған құнның жет­кіліксіздігін және шикізаттық бағ­дарды тағы да айқындап отыр. Егер алдағы уақытта мақтадан дайын өнімге дейін өндіретін толық цикл қа­лыптаспаса, қазіргі рекорд ұзақ­мер­­зімді экономикалық әсер бер­мей­­ді. Ал егер индустриялық өңдеу іске қосылып, ішкі өндіріс дамыса, бұл сектордың берері көп болмақ.

Сан сапаға айналсын десек

Қазір елімізде 1 400-ден астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс іс­теп тұр, оның жартысынан астамы – киім тігушілер. Нақтырақ тоқ­тал­сақ, 803 тігін өндірісі, 481 тоқыма өнер­кәсібі, 122 тері және соған ұқсас бұйым­­дар шығаратын кәсіпорын бар.
Жалпы, кейінгі жылдардағы жеңіл өнеркәсіп саласы­ның статистикасы мен мемлекеттік дең­гейдегі талқылауларды қатар қарас­тырсақ, салада екі параллель процесс жүріп жатқанын көреміз: өн­діріс көлемінің өсуі және құры­лым­дық әлсіздіктің сақталуы. Бұл ретте, ресми ақпараттардан тек по­зитив риторика байқалады. 
Мәселен, өткен айда Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсімді қамта­ма­сыз ету жөніндегі штаб отыры­сын­да саланың 5 жыл қатарынан өсім көрсетіп келе жатқаны ай­тыл­ды. Сондай-ақ арнайы бағдарлама қа­былдау туралы да сөз болды. Жиын­ға Qaz Textile Industry ұлттық бір­лестігі мен AZALA Group, Qazaq Tigin Fabrikasy, «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы», «Глобал-Арнайыкиім», «Тараз­­­ТеріАяқкиім» сияқты ірі кәсіп­орындар да қатысқан.
Дегенмен ақпараттар мен есеп­тердегі сандар бұл оптимизмді то­лық­тай растай бермейді. 2025 жылы жеңіл өнеркәсіп өндірісі 13,2 пайыз­ға өсіп, 260 млрд теңгеге жет­кенімен, бұл өсімнің сапалық құрылымы тең­герімсіз. Саланың 60 пайыздан ас­тамы тоқыма өндірісіне тиесілі, ал киім өндірісі –  32 пайыз, былғары және аяқ киім сегменті бар болғаны 6,5 пайыз деңгейінде қалып отыр. Яғни, шикізатқа жақын сегмент өсіп, ал жоғары қосылған құн қалыптас­тыратын бағыттар баяу дамып келеді.
Мұндай құрылымдық асим­мет­ри­яны тек статистика емес, өндіріс­тік тізбек те растайды. 2025 жылы ел­де 466 мың тонна мақта жинал­ға­ны­мен, оның тек 116,1 мың тоннасы ғана мақта талшығы деңгейінде өң­делген. Ал одан әрі терең өңдеу, яғ­ни иірілген жіп, мата және дайын то­қыма өнімдері көлем жағынан ай­тарлықтай аз. Мысалы, 500 тонна иіріл­ген жіп пен 5,2 млн шаршы метр ма­таны алып қарасақ, бұл шикізат база­сымен салыстырғанда өте төмен деңгей екені көзге ұрып тұр.
Вице-Министр Олжас Сапар­бе­ков­­тің есебінше, бір тонна мақ­та тал­шығын толық өңдеу 1 650 данаға дейін дайын тоқыма өнімін шы­ғару­ға мүмкіндік береді. Теория­лық есеп бойынша бұл 1,67 млрд дол­лар көле­мінде қосылған құн қа­лып­тастырып, 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Бұл дерек саладағы негізгі проблема өнім кө­­лемінде емес, құн тізбегінің үзі­луін­­де екенін нақ­ты көрсетеді.
Тізбектің үзілуі мына жерде ай­қы­нырақ көрінеді: дайын тоқыма бұйым­дары бойынша им­порт үлесі кей сегменттерде 90-95 пайызға дейін жетеді. Көрпе мен жа­мылғылар – 94,3 пайыз, мақта-маталары – 92,6 пайыз. Бұл жағ­дай ішкі өндірістің өсуі мен тұтыну нарығының құрылымы арасында тең­герім жоқ екенін айқын көрсете­ді. Өндіріс бар, бірақ ол ішкі сұраныс­ты жабатын деңгейге жетпеген.
Сонымен қатар экспорт құры­лы­мы да осы тәуелділікті күшейтіп отыр. Мақта көбіне төмен өңделген күй­де сыртқа шығарылады, ал жо­ғары қосылған құн сыртқы нарық­тар­да қалыптасады. 
Үкімет бұл олқылықты инсти­туционалдық құралдар арқылы тү­зе­туге тырыспақ. Жабдық құнының 40 пайызына дейін өтемақы беру, 3 пайыздық жеңілдетілген қаржы­лан­дыру, арнайы экономикалық ай­мақ­тардағы басымдықтар сияқты бір­қа­тар жеңілдік қарастырылған.
Алайда саясаттың тиімділігі тек қар­жылай ынталандырумен шектел­мей­тінін түсінген маңызды. Негізгі мәселе өндіріс экожүйесінің толық қалыптаспағанында болып отыр. Сөз басында айтып өткен 1 400-ден астам кәсіпорынның басым бөлігі ша­ғын бизнес форматында жұмыс іс­тейді. Бұл өндірістік интеграция­ның әлсіздігін және масштаб эф­фек­ті­сінің жеткіліксіз екенін білдіреді.
Осы тұрғыдан алғанда, үкіметтік штаб отырысында айтылған кешенді бағдарлама әзірлеу бастамасы үш не­­гізгі шарт орындалғанда, шикі­зат­ты терең өңдеу міндетті түрде ішкі на­рықта қалса; технологиялық транс­фер нақты өнім өндірумен бекітілсе; жергілікті жеткізушілер индустрия­лық тізбекке кіріксе ғана нәтижелі болады.

Осылайша, жеңіл өнеркәсіпте екіжақты үрдіс қалыптасып отыр. Бір жағынан өсім бар дейміз, екінші жағынан ол өсімді көзбен көріп, игілігімізге жаратып отырған жоқпыз. Мемлекет қолдаусыз қалдырып отырған жоқ, бірақ алдағы уақытта саясат тек өндіріс көлемін ұлғайтуға емес, құн тізбегін тереңдетуге бағытталса, жеңіл өнеркәсіп Қазақстан экономикасында экспорттық және жұмыспен қамту драйверіне айнала алады. 
Ал егер қазіргі құрылым өзгеріссіз қалса, сала өсіп жатқанымен, стратегиялық тұрғыдан импортқа тәуелді нарық ретінде қала бермек. Саралай келе, шетелден ғана «киінетін» елміз деген қорытындыға келуге болады. Дегенмен кигеніміз қандай киім? Оның сапасына қатысты мәселе – өз алдына бөлек әңгіме.

 

Тэгтер:

жеңіл өнеркәсіп мақта мата