Желді күнгі толқындар

Бүгін, 15:15 / Túrkіstan IPW

Қазақ өлеңі. Оның бағыт-бағдары, бел-белесі, өріс-өресі жөніндегі түсінік те әртүрлі. Ғасыр ауысып, жылдар жылжып, қоғамдық формациялар өзгеріп жатса да, уақыт тынысын, замандас тағдырын тереңнен толғап жарқырата жазылған шығармалар кемшін деген де пікір айтылып жатады. Меніңше, үстірт байлам.

Қазақ өлеңі – қазақтың жаны. Ол – ұлт­тық дүниетануды түсінудің, халықтың өзін-өзі тануының қайнар бұлағы. 
Ұлт өлеңінің жаңа дәуірінің басы бол­ған Абай қара өлеңнің бойындағы булық­қан бұлақтың көзін ашты. Оның талғамы мен талабы, ықпалы әлі талай уақытқа жүк болары сөзсіз. 
В.Белинскийдің А.Пушкин туралы ма­қаласында: «Ақынның тағдырын талант ше­шеді деп ойлау үлкен қателік. Әрине, адам­ды ақын ететін, алдымен талант екені рас, бірақ оған қосымша мінез, білім және бас­ты бағытың болуы керек. Соңғылары ол өмір сүрген қоғамға тәуелді. Шындықты ақын­дықпен бейнелеу табиғи талантқа аз­дық етеді, ол үшін ақынның өзінің шын­дығы болуы керек» деген сөзі бар. 
Ақын өмір сүрген қоғам. Ақын шын­дығы. Ұғымға айналған тіркестер. Ақынын аялап, арқасынан қағып, маңдайынан сый­пар ел болса, жырын жаттар ойлы оқыр­ма­ны болса құба-құп. Ақындық – жаныңның жар­қылы, сезімнің сыңғыры екенін ұғар жұрт қайда?
Болмаса, өзінің аялы да саялы әлемін әлдеқашан жасаған, Ақын деген мәр­тебелі атты барлық атақ-даңқтан биік қоя­тын арлы қалам иелері әлі де бар. 
Сондай сиректердің бірі – жыр кемесі жет­пістің желкенін керіп жатқан, қаламдас, қа­наттас дос, сөзі бөлек, мәнері ерек ақын – Ертай Ашықбаев. 
Жыр бағында сайраған мың түрлі құй­қылжыған дауыстардың арасынан оның үнін жазбай танисың. Күнге қараса да кір­пігін қақпайтын қыран секілді өз әлемін өзі жасап, жан-жүрегінің пернесін басып Ақтөбесінде аман-сау жүріп жатыр. Тұрқын жа­сырған хас жүйрік секілді сабырлы, сыр­баз қалпы. Ақында  «Бабатай өзені» деген өлең бар еді. Жалпы, Ертай ақын осы тақы­рып­қа айналып соғып тұрады. Арнасымен баяу аққан қазақтың көп өзенінің бірі. Ресми деректерде ұзындығы  59 шақырым деп көрсетіліпті. Қазір оның да қысқарып, арнасы ортайып кетті ме екен, кім білсін? Жол түссе, тірлік болса бір барып көрерміз. 
Сонда: 
«Желді күні толқындарым тулады,
Желді күні қамыстарым шулады» дей келіп, 
«Өз өзенін ұқпағандар, қайтейін,
Басқа жердің шалшық суын кезеді,
Басқа жұрттың балшықтарын езеді.
...Мешін жылы Бабатайда туғалы
Осы да бір айтпай жүрген сөз еді», – деп түйін жасайды. 
Табиғаттың тылсымы – шын ақынның шын сыры. Жалған дидактика, жалаң па­фос жоқ. Даланың өзеніне жан сырын ақ­тара салған, зердеңе жетсе өзің де Бабатайға шайынып шыққандай күй кешесің. Дала өзені... Бетпақтың пұшпағында менің де алдымнан жарқырап шығар еді. Бабатай өзенінің беті Ертай ақынның өзі сияқты тып-тынық, тұп-тұнық болуы мүмкін. Ал оның астында алапат ағыстар бар...
Жалпы, дала өзендерінің киесі мен қа­сие­ті сондай. 
Ертай Ашықбаев қазақ өлеңіне сөз жоқ, дара дауысымен, ешкімге ұқсамайтын қол­таңбасымен келген талант. 
Ұжымдық жинақтарға шыққан өлең­дерін айтпағанда 1988 жылы баспа бетін көрген «Қос мең» жыр жинағы қазақ өлеңі­нің жаңа сөзі, бөлек бітімі деп бағалар­лық­тай дүние болды. Осы жыр кітабы Қа­зақ­стан Жазушылар одағының Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы атындағы сыйлығын иелен­ген­де қол соққанымыз рас. Ертай шығар­ма­лары «Жалын» баспасы ұйымдастырған ба­лалар мен жасөспірімдерге арналған жа­бық бәйгеде төрт рет жүлдегер атанды. 
Ағалары мен замандастары ақжарма пі­кірлерін білдіріп жатты. Мысалы, халық жазушысы Ғафу Қайырбеков: «...Ақтөбеден келген ақын Ертай Ашықбаев есімі өлең­сүйер қауымға белгілі. Ол бұл кеңеске дейін көрінген талапкер. Мен оны осы топтың басы деп айтар едім. Ойы есейген, қолтаң­басы қалыптасқан ақын десе, Қадыр Мыр­зәлі ағамыз: «...Ал қатарымызда қалам тол­ғап жүрген бір Ертайдың өзі бір облыс­тың маңдайына аздық етпейді десем, артық бағалағандық болмас...» деп кесімді сөзін айтыпты.
Серік Ақсұңқарұлы замандасы: «Жа­лын» баспасынан тұңғыш кітабын шығар­ған Ертай Ашықбаевты алыңыз: «Әде­бие­тімізге әлемдік мәдениетті поэзияның қа­дір-қасиетін бойына әбден сіңірген, еш­кімге ұқсамайтын жаңа Ақын келді» деп ақи­қат сөзін айтыпты. 
Содан бері де жылдар жылжыды, айлар ал­масты. Оның ондаған поэзиялық жи­на­ғы, балаларға арналған шығармасы, «Өлең мен өмір» деп аталатын қаламдас­тары тура­лы әдеби эсселері, қазақ тіліне тәр­­жіма­лаған Хуан Рамон Хименес, Ярос­лав Сейферт, Стефан Георге, Герман Гессе бас­та­ған әлем әдебиеті классиктерінің шығар­ма­лары – қазақ оқырманының олжасы. 
Әрине, поэзияның қатып қалған дог­масы жоқ. Образы оқшау, палитрасы бай, жан құбылыстары қатпарлы драматизмге бас­тап, шешімді сөзін де тосындау айтатын, ағысы ойлы, иірімі қуатты, өлеңі шуақты ақын – Ертай Ашықбаев. 
Ақын қайда жүрсе де оның тұрағы – арм­анның аралы, оның жаны – қиялдың бе­сігі. Армансыз адам – арнасыз өзен, қиял­сыз пенде – қанатсыз құс сияқты. Ақындық тағдыр тұтану мен жанудан, қамығу мен арылудан туады. Бұл – динамика. Динамика болғанда да құпия динамика. Ол – мәңгілік қозғалыс. «Талант – жүректің оталысы мен мидың қопарылысының қорытындысы» деген екен Бабель.
Ертайда «Елу алтыншы жылы туғандар» де­ген өлең бар еді. Сонда:
Алданайық. Көрсетейік ырза көрік,
Өткен-кеткен өкініштерді 
қазба­ламаңдар, қумаңдар.
Жүрейік аңқау мырза болып,
Уа, елу алтыншы жылы туғандар!
Гүл қашан солады, жауады қашан қар? 
Оған көңіл бөлмеңдер.
Сөйтіп, ұзақ жасаңдар,
Мүмкін болса, ... өлмеңдер! – 
дейтін шумақтар бар. 
Тосындау, бөлектеу жыр. Осы жол­дар­ды жетпістің желкесіне аяқ са­лып тұрған Ертай ақынның өзіне қарата қайталап жіберсек жарасар. «Алданайық. Көрсетейік ырза көрік, Өткен-кеткен өкі­ніш­терді қазбаламаңдар!» дегенмен, Ертайлар бастаған біздің буынның өкініші аз емес. Қоғам өзгеріп, өтпелі кезең атала­тын өкпекке ұрынып қалғанымыз рас. 
Елуден асқанша жас ақындардың тізі­мінде жүрдік. Қаламақы, пәтерді былай қой­ғанда, өмірімізге нарық енгелі кітап­тары­мыз да уақытымен шықпай қалды. Ақ­шасы барлар ақынға айналды. Ертай се­кілді дара дарын, сирек суреткердің баға­сы берілді ме? Осындайда Бернард Шоудың: «Уитмен – классик, алайда аспандағы күнді аңғармағандай, оны байқағысы келмеген жалғыз ел – Америка болғаны өкінішті-ақ» де­гені еске түседі. Еске түседі де Ертай се­кіл­ді ерек те, бөлек шайырымызды қалай қо­шеметтеп, қалай аяласақ та жарасар еді деп ойлайсың. Өлеңдерінде Ойыл мен Қиыл­дың, Жем мен Сағыздың, Елек пен Қар­ғалының, Қобда мен Бабатайдың жылы ағы­сы, сондағы жұрттың мұңы мен қуа­ны­шы бар. Санаңа сәуле құйып, Ақтөбеден Ашық­баевтың айдыны жарқырап, ақ бұла­ғы ақтарылады. 
«Таң» өлеңін бірге оқиықшы:
Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап,
Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ.
Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе,
Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап.

Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді,
Дем алмайды тіпті жел мен желкемі.
Демалып-ақ жатыр жалғыз амалсыз,
Анау үйдің жұмыста жоқ еркегі.

Жатпағанда...қайда бармақ, не істемек?..
Әйел байғұс бұрқылдайды кешке кеп.
Ұясынан күн шығып тұр ұялып,
Еш пендеге көрсете алмай еш көмек...
Басқалар үшін арайын сауғызып, шуа­ғын шашып, тамылжып ататын таң. Ал Ертай ақынның «Таңы» – арқасына әлеу­мет­тің жүгін артып алған. Уақыттың таңы – қазақтың таңы. Өлең көркемдік кестесімен көрікті. Бұл – Ертай ақын қолтаңбасы. Қым-қуат тіршілікпен таласқан Ақтөбенің таңы. Ақын түйсігіндегі таң нұры ел-жұр­тының тағдырына ұласып кеткен. Өмірді көруі де, өлеңді өруі де басқа. «Мазасы жоқ кентте, мең-зең болып кірпік ашқан, Ақтө­бе». Жұмыссыз еркек, базар жағалаған әйел. Олар­дың әр күні тарихқа жаңа беттер қо­са­ды. Қартайған жеңгелердің әжіміндей ас­фальттар. Сол жеңгелердің бал-бұл жан­ған өңдері Ертай ақынның  да, менің де есімде. Ол кездің тас жолы да өзгешелеу ме еді, қалай?
Бола қоймас төтен хабар, тосын жай,
Бір күн өтер еш жаңалық қосылмай.
«Өзің біл, – деп, – тұрмасаң да, тұрсаң да»,
Ақтөбеге таң келіп тұр осындай.
Жан-жүйеңді егілтіп, жүрек жасын тө­гілтіп, санаңды қақыратып ке­те­тін өлең. Ол сарыуайымға салынып бол­маса өлеңнің найзағайлы қара бұлтын ой­­­­натпайды. Ақтөбе таңының тылсымы бар қазақтың шын сырына айналып кете бара­ды. Жұмыссыздық, дәрменсіздік, ана­лардың азабы...
Оянарын, оянбасын білмей тұрған ақын қаламындағы кент емес, қазақтың өзі шы­ғар...
Бұл – суреткер шеберлігі. Мұн­дай «Таң­ды» арлы ақын, арда ақын ғана көреді.
Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпо­пеясында Абай­дың былайша ақтары­ла­тыны бар: «...Ел ақтаған бір ақын болушы еді. Тілін безеп, жанын жалдап, тілен­ші­лік­пен байды сауып, сөз қадірін сол кетіруші еді. Үн түзеген бір әнші болушы еді, кім көрін­геннің қосшысы. Әр кез, әр мыр­заның қосалқысы. Ән қадірін түсі­ріп, бір атым на­­­­сыбайдай, арзан етіп еді...
Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң, ел көңі­ліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті».
Ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жас­ты тыю... (Абай) 
Қарындас жұрттың шер-шеменін шын ақын өз өзегінен өткізіп, өлең тудырады. Ертай­дың «Таңы» –  қазақтың жаны. 
Салиқалы сырын орамды образға орап жет­кізу – ақын жырының ерек бір тұсы. Әсі­ресе, ақынның біздің жанымызға жа­қын жырлары – «Құмдағы ауыл», «Әскерден кел­ген студент», «Кластастарға хат», «Ал­матыда қалған қыз» сияқты жалын кешкен жас­тықтың, балдәуреннің бал шағын аң­саудан туған ақындық ортада Ертай есімін ерек­шелеген мөп-мөлдір күйінде есте қал­ды. Біз жүрген көшелердің, біз көрген ба­лалықтың, алыстағы ауылдардың жа­нары жарық еді-ау.
Ертай Ашықбаев – арнасы азаймайтын, жұртына сөз арнайтын сезімі сергек ақын. Жақсылықпен жуысып, уақыттың тамыры­мен туысып жыр жазады. Өмірдегі өзгеріс­тер оның жыр қазанында бұрқ-сарқ қай­нап жатады. Ана бір жылы «Француздар кел­генде» деп аталатын өлеңін оқып пікір айт­қаным бар. 
Ресми хабарсыз-ақ, былай да,
Әңгімесі созылған-ды бір айға.
Ақтөбеге француздар келіпті
Келіпті олар қазаққа емес,
...мұнайға.

Үркіп қалған жүректерді тепкілеп,
Әрбір баста әртүрлі ой кетті үдеп.
Бір білгіш жан басу айтып қояды
«Саясатта ісіміз жоқ депті» деп.

Бір ақсақал: «Онысы жөн е-е » – деді,
Іздей берсін мұнай болса керегі.
(Біздің қазақ қонақтарын сыйлағыш
Біздің қазақ қонағына сенеді).
Иә, біздің қазақ қонағына сенеді... Осы өлеңде мезгілдің мінезі, талайдың тағдыры бар. Қазақты емес, мұнайды іздеп келіпті...
Абылайға дат айтқан Бұқар жырау ба­бамыз: 
«Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Анала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз» деп бір толғап кетуші еді ғой.
Қазтуған, Доспанбеттерден бастап қа­зақ жыршысының мұңы да, сыры да бір. «Біз­дің қазақ қонағына сенеді» деп өз бол­мысы секілді қарапайым қалыппен өлең өріп отырған Ертай жыры – «...Айды батпас демеңіз, көл суалмас демеңіз» деп күңірен­ген Бұқар-жырдың бізге жеткен жаңғы­ры­ғы. Мұнай үшін әлемдік қан-қасаптар бо­лып жатқанда Ақтөбедегі Ашықбаев ақын осы өлеңімен «үркіп қалған жүректерді теп­кілеп...» (Е.А.) кетті.
Енді ақындар бейжай, бүгінгі күн тақырыптарына қалам тартпайды дейтіндер Ертайдың «Таң», «Француздар кел­генде» өлеңдерін жаттап алсын! Біздің қа­тарларымыздың айтар сөзі айшықты, беру формасы бөлек. 
Ана бір жылы Алғадағы аққу-құстар мұ­най қалдығына тұншығып қырылғанда: 
«Аққулар-ай, ардам-ай, 
Шер күйім боп шертілген. 
Жалғаны көп жалған-ай, 
Өлмесімді өлтірген» деп жаным шы­рыл­дап, көкірегім шымырлап «Алғадағы ақ­қулар» деп аталатын жыр жазып едім...
Ол өзінің сара соқпақ, дара дауысымен қа­тарластарына да, кейінгі жыр-бәйгеге ат қос­қан іні-қарындастарына да ерекше әсер етті. «Қос мең», «Таныс жұлдыздар», «Ға­шық­тар мектебі» бастаған ондаған талант­ты жыр жинағы мәртебелі оқырманның бай­лығы. Шертпе күйдің сазындай боз­да­тып, дүниені өзінше көріп, өзгеше өлең өріп Ертай ақын Ақтөбеде жүр.
...Елдің қамын зерттедім, қыр қамын да,
Өзек болар өмір көп жырға мұнда.
Не жаным бар өзгертіп қонысымды
Жазатыным табылып тұрғанымда, – деп қояды өзі. Оның поэзиясы – абстракциядан гөрі нақтылыққа ой астарымен қазақ өлеңі­нің бояу, түрін дамытуға ком­по­зиция­лық тұрғыда формалық ізденістерге ұм­тыл­ған қасиетімен ерекше. Күзі, көктемі, қы­сы, жазы бар табиғат секілді мезгіл бояу­лары, тылсым сырлары бар. 
Өлең сонысымен де – Өлең!
Ертайдың тұтас шығармашы­лығы, аза­мат­тық лирикасы зерт­теуді, зерделеуді қа­жет етеді. 
...Қонды құстар...
жек көрдік пе оны біз?
Ұя бұзып кірлеген жоқ қолымыз.
Сендер емес, 
Келгендердің алды-арты,
Үйренгенбіз.
...Құстар, уа, қоныңыз! – дейді ақын «Көктем. Құстар» өлеңінде.
Ертайдың аққу-қаздары биылғы көк­тем­де де айдынына қонар. Бәлки, Бабатай өзеніне...
«Желді күні толқындарын тулатып, Жел­ді күні қамыстарын шулатып» қонар.
...Өз өзенін ұқпағандар қайтейін,
Басқа жердің шалшықтарын кезеді.
Басқа жұрттың балшықтарын езеді.
Мешін жылы Бабатайда туғалы,
Осы да бір айтпай жүрген сөз еді.
Жанары жарқырап алдымнан шығар дала өзендері келді көз алдыма. Бабатай да...
Желді күнгі толқындар…

Ғалым Жайлыбай

Тэгтер:

Ертай Ашықбаев Ғалым Жайлыбай