Корей тілін қазақша оқулықтан үйрене аласыз

Бүгін, 15:00 / Ербұлан Қайрат

Астанада өтетін «IX Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық көрмесі аясында отандық шығыстану саласы үшін ерекше маңызды жаңалық болғалы тұр. Осы уақытқа дейін өзге тілдердің әдістемесіне тәуелді болып келген корейтану бағыты енді өз соқпағын салмақ. Шығыстанушы Дастан Ақаштың қазақ тіліндегі тұңғыш жеке авторлық «Корей тілі» оқу құралы – осы саладағы интеллектуалдық дербестіктің айқын көрінісі.

Қазақстанда корей тілі 1991 жылдан бе­рі оқытыла бастады. Содан бері 35 жылға жуық уақыт өтсе де, оқу процесінде сырттан кел­ген өзге тілді құралдар үстемдік етіп кел­ді. Алайда тілді өзге тілдің (орыс немесе ағыл­шын) көмегімен үйрену қазақ ауди­тория­сының танымдық ерекшеліктерін то­лық қамти алмайтыны анық. Дастан Ақаш­тың еңбегі нақ осы олқылықтың ор­нын толтыратын, ешбір шетелдік басы­лым­ға тәуелді емес, шетелдік оқулықтардың ау­дармасы емес, толықтай дербес авторлық жоба ретінде жарық көріп отыр.
Бұл – жай ғана оқулық емес, бұл – отан­дық маманның халықаралық деңгейдегі тәжі­рибесі мен ғылыми зерттеуінің нәти­же­сі. Автор Оңтүстік Кореяның Сеул ұлт­тық университеті сияқты беделді оқу орын­дарында білім алып, корей компа­ния­ларын­да басқарушы менеджер ретінде қыз­мет еткен. Оның түрлі саладағы тәжі­ри­бесі мен бірнеше халықаралық тіл да­мыту тағы­лым­дамасынан өтуі  – еңбекті жа­зу барысында кәдеге жарап, тілдің маз­мұн­дық сапасын арт­тырған. Оқу құралы – заманауи практи­калық талаптарға сай бейімделген.
Мақалаға арқау болып отырған басы­лым­ның басты құндылығы – оның экск­лю­зив­тілігі. Оқулық – корей тілін алфавиттен бас­тап тікелей қазақ тілінде меңгеруге кө­мек­теседі. Бұл қадам қазақ тілінің ғылым­дағы салмағын арттыратыны сөзсіз. Айта кету керек, маңызды жоба елімізге танымал «Фо­лиант» баспасымен бірлесіп жарыққа шықты. 
Дастан Ақаш тек шығыстанушы-ғалым ға­на емес, ол – халықаралық дипломатия ма­­гистрі, саясаттанушы және бизнес-сарап­шы. Қазақстан Жазушылар одағы мен Жур­налистер одағының мүшесі. Бұған дейін жа­рық көрген «Корей-қазақ, қазақ-корей сөз­дігі» мен фольклорлық зерттеулері оның бұл салаға кездейсоқ келмегенін, іргелі зерт­теуші екенін дәлелдейді. 
2026 жылғы 22-26 сәуір аралығында Аста­надағы Президенттік орталықта өтетін тұсаукесер рәсімі қазақстандық корейтану мектебінің жаңа белесін айқындамақ. Ша­раға шығыстанушылар ғалымдар мен тіл мамандары қатысады. Отандық автор жа­зып шыққан оқу құралы – еліміздің кітап на­рығы мен ғылым-білім кеңістігіндегі қа­зақ тілінің қолданысын кеңейтуге атса­лы­сатын бірегей еңбек. Корей тілін үйренем деу­шілерге таптырмайтын оқу құралы.

Тэгтер:

оқулық корей тілі