Бүгін, 17 сәуір – ҚР өртке қарсы қызмет күні. Адамзат тарихында табиғаттың тосын мінезі талай рет сынақ болған. Соның ішінде ең қатыгезі – өрт. Ол үнсіз келеді, бірақ арты орны толмас қасіретке айналады. Жалынның жолында тұрған тіршілік атаулы – жануар да, өсімдік те, адам еңбегі де бір сәтте күлге айналуы мүмкін. Өрт тек табиғи құбылыс емес, кейде адам қателігінен де болып жатады. Ол қазір жаһандық деңгейдегі экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қауіпке айналып отыр.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1918 жыл-ғы 17 сәуірде Кеңес Одағында «Өртпен күрес жөніндегі мемлекеттік шараларды ұйымдастыру» жайлы арнайы құжат әзірленген. Осылайша, бұл күн көптеген пост-кеңестік ел үшін өрт сөндірушілердің кәсіби мерекесі күні болып аталып келеді. Сонымен қатар Қазақстан тарихында алғаш рет «Өрт сөндіру қауіпсіздігі туралы» заң 1996 жылдың 22 қарашасында бекітілді. Еліміз жыл сайын тілсіз жаудың түрлі салдарларын тартып келеді. Оның ішінде тұрғын үйлердегі өрт пен дала және орман өрттері де кездеседі.
Тұрғын үйлердегі тілсіз жау
Биылғы жылыту маусымы басталғалы елімізде 1 889 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 12 пайызға аз болғанымен, қызыл жалыннан келетін қауіп сейілген жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Асқар Төлешевтің айтуынша, 2024 жылы өрт 101 адамның өмірін қиса, 2025 жылдың 1 қазанында басталған биылғы жылыту маусымында 87 адам қызыл жалын салдарынан ажал құшқан. ТЖМ мәліметінше, жеке тұрғын үйлердегі өрт оқиғалары ең көп тіркелген өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары бар. Асқар Төлешев аталған өңірлерде жылыту жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы жиі кездесетінін атап өтті. «Жеке тұрғын үйлердегі өрттің басым бөлігі пеш жабдықтары мен электр желілерін пайдалану тәртібінің бұзылуына байланысты шығады. Мысалы, пештер мен мұржаларда жарықшақтардың пайда болуы, пеш алдында арнайы қаңылтырдың болмауы, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсуі, электр сымдары оқшаулауының бұзылуы өрттің шығуына себеп болып отыр».
Биыл осы талаптарды сақтамау салдарынан 768 өрт тіркелген. Ал 279 өрт тұрғындардың отты сақтық шараларын елемей қолдануы мен масаң күйде сақтықты ұмытуы немесе темекі қалдығын толық сөндірмеуі салдарынан болғаны анықталған.
ТЖМ өкілі профилактикалық акциялар аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына кең көлемде көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.
«Осы санатқа жататын 108 мың тұрғын үй мен 225 мыңнан астам көпбалалы отбасы қамтылды. Нәтижесінде, мыңдаған үйде пеш жүйесі ретке келтіріліп, электр желілері жөнделді», – дейді Асқар Төлешев. Атап айтқанда, 2,5 мыңнан астам үйде пешпен жылыту жүйесі қалпына келтіріліп, 12 мыңнан аса түтін мұржасы тазартылған. Министрлік қолдауымен 2,3 мың үйде электр желілері жөнделіп, 39 мыңнан астам газ және түтін датчиктері орнатылған.
Тұрғын үйлерді пайдалануға беру тәртібі күшейеді
Енді елімізде биік көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру тәртібі күшейтіледі. 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап биіктігі 28 метрден асатын үйлер іске қосылар алдында міндетті түрде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы арнайы қорытынды алуы керек. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр депутаттарға берген жауабында мәлім еткен болатын.
Енді көпқабатты тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа талап енгізіледі. Аталған норма «Азаматтық қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес жүзеге асады. Роман Склярдың мәліметінше, өрт қауіпсіздігі бойынша қорытындыны азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері береді. Яғни, тұрғын үй толық салынып біткеннен кейін, құзырлы мамандар нысанға барып, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тексереді. Уәкілетті орган өрт-техникалық тексеру жүргізеді. Яғни, салынған нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін бағалайды. Осы тексерудің нәтижесі бойынша ғана тұрғын үйді пайдалануға рұқсат беріледі.
Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы қорытынды беру тәртібі Төтенше жағдайлар министрлігінің 2025 жылғы 26 тамыздағы №359 бұйрығымен бекітілген тиісті қағидаларда нақты көрсетілген. Үкімет өкілдері тұрғын үй қорындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережесінде пәтерде болуға тиіс құрылғылардың міндетті тізімі жоқ. Бірақ мамандар баспананы негізгі қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етуге кеңес береді. Олар – өртсөндіргіш және автономды түтін датчигі.
– Бұл бағытта қажетті құралдардың қандай да бір міндетті тізбесі жоқ. Алайда өрттің алдын-алу және сақтық мақсатында үйіңізге автономды түтін датчиктерін орнатқаныңыз артық етпейді. Өртсөндіргіш алып қойғаныңыз да жөн. Осы қадамдар арқылы өрт енді тұтанғанда анықтап, өршіп кетпей тұрғанда, өшіруге болады, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Ал Роман Скляр түтін және газ датчиктерін міндетті түрде орнату жөнінде де мәліметтерімен бөліскен болатын.
2025 жылы ТЖМ әкімдіктердің, үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдардың қолдауымен әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлерінде 43 мыңнан астам өрт датчигі орнатылды. 2019 жылдан бері барлығы 301 мыңнан астам датчик орнатылған.
Роман Склярдың айтуынша, ауылдық жерлердегі өртке қарсы қызметтердің материалдық техникалық базасын жаңғырту, шағын елді мекендерге жедел жету уақытын қысқартатын жаңа үлгідегі мобильді өрт бөлімшелерін енгізу мәселесі бойынша да бірқатар істер атқарылып жатыр. Мәселен, елдің өртке қарсы қорғауын 446 өрт сөндіру бөлімшесі жүзеге асырады, оның ішінде қалаларда – 209, ауылдарда – 237 бөлімше бар. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ ауылдық елді мекендердің өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық жоспарын бекітті, осыған сәйкес 2025 жылы 512 мың халқы бар 430 елді мекенді қорғау үшін 152 өрт сөндіру бекетін құрды. 2025 жылғы 30 желтоқсанда ТЖМ 550 өрт сөндіру бекетін құруды көздейтін және халқы 1 млн адамды құрайтын 1 037 ауылдық елді мекенді өртке қарсы қорғаумен қамтуға мүмкіндік беретін 2026 жылға арналған Қазақстан Республикасының елді мекендерінде өрт сөндіру бекеттерін құру және жаңғырту жоспарын бекіткен.
«Fire Lane»: «өрт дәліздері» керек пе?
Естеріңізде болса, 12 сәуірге қараған түні Астана қаласында Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Оқиға кезінде пәтер ішінде бір отбасы болған. Өрт салдарынан үш бала мерт болып, олардың анасы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Осы оқиғада өрт сөндіруші жедел қызметтерге кедергі келтірген көлік халықтың наразылығына тап болған еді. Қазір Астана Полиция департаменті мәліметінше, көлік жүргізушісінің жеке басы анықталып, оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
Сала қызметкерлерінің сөзінше, тұрғын үйлердің ауласына кіретін жолға көлік қою – жиі кездесетін жағдай. Пәтерде өртсөндіргіш пен датчик болса да, олардың алапат қызыл жалынға шамасы жетпейді. Мұндай кезде іштегі кісілерді құтқаруға мамандардың көмегі керек.
– Шлагбаумдар, тұрғындардың өз бетімен орнатқан қоршаулар, бейберекет қойылған көліктер өрт сөндірушілердің жолын бөгеп, оқиға орнына жедел жетуіне кедергі келтіреді. Бұл адамдардың өмірі мен мүлкін сақтап қалуға бөгет болады, – деп мәлімдеді ТЖМ.
Ереже бойынша, арнайы техника кіруі үшін кіреберістердің алды бос болуы тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл талапты орындамайтындар көп. Аталған тәртіп шлагбаумдарға да қатысты. Төтенше жағдайда олар кедергі болмауы тиіс.
– Шлагбаум орнатқанда, оның қолдан немесе автоматты түрде жедел ашылуын да қамтамасыз ету керек. Не болмаса, тәулік бойы кезекшілік ететін күзетші отырып, төтенше жағдайда ашуы қажет, – делінген хабарламада.
Мамандардың сөзінше, өрт кезінде жоғалтқан әр минут, тіпті, әр секунд адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Мұны жолға көлік қоятындар ескеруі тиіс.
Күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Олжас Құспеков Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Депутат еліміздегі өрт қауіпсіздігі жүйесі мен шұғыл қызметтердің оқиға орнына жету мүмкіндігін шұғыл қайта қарауды талап етті. Олжас Құспековтің айтуынша, соңғы төтенше жағдайлар Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі жүйесінің осал тұстарын көрсетіп берді. Қазір адамдар тек тілсіз жаудан ғана емес, құтқарушылардың уақытында жете алмауынан да зардап шегуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, 2025 жылы шұғыл қызметтер 93 мыңнан астам шақыртуға шыққан, ал өрттің 62%-ы тұрғын үй секторында болған.
«Бүгінде адамдар тек өрттің салдарынан ғана емес, өрт сөндіру көлігі, жедел жәрдем немесе өзге де шұғыл қызметтердің оқиға орнына уақытында жете алмауынан қаза табуы мүмкін. Жабық жолдар, бейберекет тұрақ, істен шыққан гидранттар мен меншік иелері тарапынан формальды бақылау адам өміріне тікелей қауіп төндіріп тұр», – деді депутат. Осыған байланысты депутат халықаралық тәжірибеге сүйеніп, «Fire Lane» принципі бойынша арнайы таңбаланған және көлік қоюға қатаң тыйым салынған «өрт дәліздерін» енгізуді ұсынды.
Депутаттық сауалдағы ең өткір ұсыныстардың бірі құтқарушылардың жолындағы кедергілерді еш кедергісіз алып тастау құқығы болды. Бұл тұрғын үй кешендерінің ауласындағы заңсыз орнатылған шлагбаумдар мен дұрыс қойылмаған жеке көліктерге қатысты. «Шұғыл қызметтерге оқиға орнына бара жатқан жолдағы кедергілерді, соның ішінде адам өмірін құтқаруға кедергі келтіретін шлагбаумдарды, қақпалар мен автокөліктерді ашуға немесе зақымдауға рұқсат беру керек. Егер иесі ереже бұзған болса, мемлекет тарапынан ешқандай шығын өтелмеуі тиіс. Уақыт секундпен есептелгенде, темір қоршаулар өлімге себепші болмауы керек».
Орман өрті өршіп тұр
Өрт – табиғаттың ғана емес адамзаттың өз әрекетінің де салдары. Бүгінде ол тек орман мәселесі емес, ғаламдық қауіпке айналды. Қазақстан да бұл үрдістен тыс емес, керісінше, табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты ерекше осал аймақтардың бірі. Айтпағымыз, орман және дала өрттері. Еліміздің далалы жерлерінде өрт оқиғасы жиі тіркеледі. Осындай қызыл жалын кейде орман қорына ауысады. Биыл жыл басынан бері еліміздің орман алқаптарында 36 өрт тіркелген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес сәуір айының екінші жартысында оңтүстік және батыс өңірлерде ауа температурасы +25...+35°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты табиғи өрттер қаупін азайту жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, орман және табиғатты қорғау мекемелерін техникалық жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Абай облысында өткен Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысында айтылды. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов қатысты.
Үкімет басшысының сөзінше, жыл басынан бері 794 гектар жасыл желекті от шарпыған. Жалпы, қырыққа жуық факт орын алыпты. Жауаптылардың есебін тыңдаған Үкімет басшысы қырағы болуды тапсырды. Дайындық мәселелерін 20 сәуірге дейін шешу қажет деді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
«Биыл жаз мезгілі ыстық болады деген болжам бар. Бұл өрт қаупін арттыра түседі. Ол түсінікті. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек. Сондықтан табиғатты қорғау, орман мекемелері мен өрт сөндіру бөлімшелерін қазірден бастап жоғары дайындыққа келтіру қажет. Әкімдіктер елді мекендерде өртке қарсы ерікті құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырсын. Сондай-ақ өңірлерде әуе кемелерін тарту үшін жанар-жағармай материалдарының қажетті қорларын қамтамасыз еткен жөн», – деді Олжас Бектенов.
Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өртке байланысты тәулік бойы мониторинг жүргізілетінін айтты.
«Министрліктің «Тұран» жедел штабы мүдделі қызметтермен бірлесіп интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы өрт жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Осылайша, күштер мен құралдар бір орталықтан басқарылады. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, ден қою тиімділігін күшейтеді. Әр өңірде әуе жасақтары құрылды», – дейді министр.
Төтенше жағдайлар министрлігі 50 мыңнан астам жеке құрам мен 11 мың техника, сондай-ақ 5 мың қызметкер, 853 техника, 26 әуе кемесі мен 218 ұшқышсыз аппаратты жедел әрекетке дайындаған. Өртке тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін цифрлық және ғарыштық жүйелер қолданылып, шекаралас мемлекеттермен өзара іс-қимыл алгоритмі жаңартылды. «Ауыл құтқарушылары» желісін дамыту жалғасуда: қазір 167 бекет жұмыс істейді, 700-ге дейін ұлғайтылады. Мамыр айында Қостанай облысында «Өрт-2026» трансшекаралық оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Tasqyn жүйесі арқылы өрт қаупін мо-дельдеу және жылу нүктелерін анықтау уақыты қысқартылған.
Сондай-ақ кейінгі жылдары орман және табиғатты қорғау мекемелерін техникалық жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тілсіз жауды ерте анықтау жүйелері енгізілуде. Осы тапсырманың орындалуын тексеру үшін жуырда Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватына барды. Мекеме ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйеге көшкен. Аталған технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан және кез келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді. ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаевтің айтуынша, жүйе 37 кешеннен тұрады. Оның әрқайсысында антенналық діңгек, камералар, автономды жұмыс үшін қуат модулі, тағы басқа құрылғылар бар. Жүйе өртті бастапқы кезеңде анықтап басқару орталығына дабыл соғады. Осыған ұқсас шешімдер Қазақстанның барлық аумағында, әсіресе, өрт қаупі жоғары өңірлерге енгізіліп отыр.
2026 жылдың алғашқы үш айында еліміздің тұрғын үй секторында 1 470 өрт фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 12%-ға төмен. Десе де, сақтықта қорлық жоқ екенін ескерген абзал. Ал орман өрттеріндегі жағдайды жоғарыда баяндадық. Бұл елімізде ғана болған жағдай. Ал әлемдегі орман өрттері соңғы екі он жылдықта екі есеге жуық артып, 2024 жыл рекордтық көрсеткіш тіркелген. Яғни, 13,5 миллион гектардан астам орман жанып кеткен, бұл – Грекия аумағына тең территория. Жалпы алғанда, 2023-2024 жылдары әлемде шамамен 3,9 миллион км² жер өртенген. Ғалымдар өрттен бөлінетін көміртек мөлшерінің де артып жатқанын айтады. 2024 жылы атмосфераға шамамен 1 965 Tg көміртек шығарылған. Бұл – климат өзгерісін одан әрі үдететін қауіпті цикл.
Наурызбек САРША