Дипломат журналистің белесі

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan IPW

Бүгінде жоғарғы рангті дипломат, елімізге белгілі журналист Гүлсім Еңсепованы мектепті жаңа бітірген балауса кезінен жақсы танимын. Екеуміздің бірі-бірімізді білетінімізге алдымыздағы жазда тура 43 жыл болады екен. Біз үшін шалғай саналатын батыс өңірінен, нақтырақ айтсақ, Атырау  облысы, Индер ауданынан келген белсенді талапкер, талдырмаш қызбен сонау 1983 жылдың жазында сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетіне бірге оқуға түстік. Әрине, Қазақстанның түпкір-түпкірінен арман қуып келіп, студент атанған кездегі қуанышымызда шек болмады. Өйткені қазіргідей емес, ол кезде Журналистика факультетіне оқуға қабылдану қиынның қиыны болатын. 

Бүкіл Қазақстан бойынша журналистер дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны­ның қазақ бөліміне бар болғаны елу-ақ талапкер іріктеліп алынатын. Қазіргідей білім грантын ұтып ала алмасаң, ақылы оқуға түсе салу деген ол кезде атымен жоқ. Сол себепті мыңнан жүй­рік, жүзден тұлпар саналатын елудің қатарына ілі­гу сынағы тым қатал еді. Небәрі 17 жастағы Гүл­сімнің сол сынаққа төтеп беріп, мектеп бітіре са­лып Журналистика факультетіне оқуға қа­был­дануы сол кездің өзінде түбі топ жаратын таудай та­лабын паш еткендей әсер қалдырған. Гүл­сім­мен қазақ білімінің қара шаңырағы атанып кет­кен білім ордасында бір-ақ жыл бірге оқу мүм­кіндігіне ие болдық. Өйткені курстың жас жі­гіттері бірінші курстың соңында, Ауған со­ғысының әлегінен болу керек, әскер қатарына ша­қырылып, Отан алдындағы борышымызды өтеу­ге аттанып кете бардық. Курс қыздары біз­дер­ді қол бұлғап шығарып салып, екі жылдан кейін құшақ жая қарсы алғандары күні кешедей көз алдымызда. Шуақты студенттік өмірдің ең бір тәтті кезеңі бірінші курстағы бал сәттер еке­нін бастан кешкендер біледі. Кең-байтақ елі­міз­дің түпкір-түпкірінен келген аңғал да, алғыр жас­тар бір үйдің баласындай тату-тәтті күн ке­шіп, бірі-бірімізге бауыр басып қалғанымыз сон­шалық, әскерде жүрген біздерге курс қыздары ту­ған қарындастарымыздай хат жазып, жауын­гер­лік сынақтан сүрінбей өтіп, абыройлы ора­луымызға қолдау білдіргендері жадымызда жат­таулы. Әскерден кейін басқа курста оқысақ та, бірінші курстағы достарымызбен сыйлас­ты­ғы­мыз бір үзілмей, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатуының сыры да сонда шығар.
Университетте оқып жүрген кезінен Гүлсім бі­лім­ге құштарлығы мен үздіксіз ізденісте жүре­тін қарым-қабілеті арқылы ұстаздардың көзіне болашағы зор студент ретінде оттай басылды. Жур­налистика факультетінің негізін қалаған, біз­дің тұсымызда Кафедра меңгерушісі қыз­ме­тін­дегі тау болмысты ұстазымыз Тауман Аман­дасов­тың өзі оның сол қасиеттерін ерекше ба­ға­лап, ғылыми жетекшілік етуге келіскені – со­ның айқын айғағы. Факультетішілік қана емес, уни­верситет көлемінде, тіпті халықаралық дең­гейдегі конференцияларға қатыстырып, ту­ғанындай көретін шәкіртін түрлі сынақтан өт­кізіп, шыңдап жүретіні есімде қалыпты.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның: «Ұлт­қа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» де­ген аталы сөзі бар. Сол тәмсілге жүгінсек, Гүл­сімнің «туған жерім, туған елім» деп атқарған көп қызметінің түп төркінінде өр мінезі мен мұн­далап көз тартады. Кешегі кеңестік қатаң идео­логиялық бақылау әлі күшінде тұрған кезде Ре­сейдің байырғы астанасы Санкт-Петербург қа­ласында өткен одақ студенттерінің ғылыми жиы­нында патшалық Ресейдің отарлау саясаты қа­зақ халқына ауыр зардап әкелгенін ашық ай­тып, айыптауы соны мегзейді. Бұл тақырыпта сөз қозғау – ол кезде басты бәйгеге тіккенмен бір­дей ерлік болатын. Қазақтың өрімдей жас қы­зы XVIII ғасырда жарық көрген «Русский вестник» журналынан тапқан тарихи деректерге жү­гініп, нақты дәлелдер келтіре сөйлеуі кон­ференцияға қатысушыларды дүр сілкіндіргені дау­сыз. Кейіннен Санкт-Петербург, Қазан қа­ла­лары кітапханаларының сирек қолжазбалар қо­рынан Ресей империясының қазақ даласын бар­лау және шұрайлы аймақтарды иемдену әре­кеттерін сипаттайтын материалдарды жи­нақ­тап, дипломдық жұмысының өзегіне айнал­дыруы, профессор Файзолла Оразаевтың жетек­шілік етуімен «Русский вестник» журналындағы қазақ тақырыбы» атты зерттеу еңбегін үздік ба­ға­мен қорғауы бастаған ісін аяқсыз қалдыр­май­тын өжет мінезін тайға таңба басқандай ай­қын аңғартқан еді. Гүлсім кәсіби журна­лис­тикаға студент шағында-ақ қадам басты. Бір­не­ше жыл өндірістік тәжірибеден өту кезінде ре­дак­ция ұжымына өзін талантты да талапты шә­кірт ретінде таныта алуының арқасында бе­сінші курста оқып жүргенде «Социалистік Қа­зақ­стан» газетіне тілші болып орналасты. Ол кез­де мұндай мүмкіндікке қол жеткізу – сту­дент­ті айтасыз, аудандық, облыстық газеттерде қа­ламы ұшталған журналистердің арманы-тұ­ғын. Сондай таңдаудан бағының озып шығуы жас болса да, болашағы зор маман екенін тап­жылт­пай танытқан тұс еді. Бас басылым редак­ция­сында жеті жылға жуық еңбек етті. Дәл осы ке­зең оның шығармашылық болмысының қа­лып­тасуына шешуші ықпал жасағаны анық. Шер­хан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Нұрлан Ора­за­лин, Көрік Дүйсеев, Уәлихан Қалижан сынды қа­зақ көркемсөзі мен көсемсөзінің қаймақтары һәм ұлттық баспасөз баһадүрлері басқарып тұр­ған кезде басылымда журналистік шың­далу­дан өтті. Кәсіби деңгейімен қоса дүниетанымы да жаңа белеске көтерілді. «Осы ағаларым университетті жаңа бітіріп келген кезімде жазу өнеріне баулып қана қоймай, азаматтық ұстанымым мен талғамымның калыптасуына ерекше ықпал етті. Сондықтан өзімнің еңбек жолымды бірден осындай дара тұлғалар діңгегі болған үлкен ортада бастауымды, олардың тәрбиесін көруімді мен маңдайыма жазылған бақ, тағдырдың ерекше сыйы деп бағалаймын» деген сөзді аузынан тастамай айтып жүретіні сондықтан деп білемін.
Бас басылымда жұмыс істеп жүрген ке­зін­де бойындағы өжет мінезі тағы да жарқ етіп көрініп, көпті елең еткізді. Ол көп журна­лис­тің батылы жетпей, айналып өтетіндіктен, «жа­бық» саналатын тақырыптарды қозғауға жа­нын салды. Соның ең елеулілерінің бірі – «Түр­ме. Әйел. Тағдыр» деген атаумен жария­лан­ған мақалалар топтамасы. Оны жазу үшін ол бас бостандығынан айырылған әйелдер түрмесіне бірнеше қайыра қорықпай кіріп, олардың өмір­лік күйзелісін сырттай бақылап қана қоймай, жан әлемін түсінуге ұмтылды. Нәтижесінде, қо­ғам елей бермейтін көп мәселенің сыры ашыл­ды: оларды қылмысқа жетелеген себептер, оның салдары, олардың туған балаларының келешегін ойлағандағы ішкі арпалыстары мен өзек өртеген өкініштері оқырмандарды бейжай қалдырмай, қоғамда резонанс туғызды. Мақа­ла­лар топтамасы оқырмандарды ғана емес, сала ма­­­­мандарын, соның ішінде жабық мекеме қыз­меткерлерін де бұрын байқамай келген өмір түйт­кілдерімен беттестірді. Нәтижесінде, кө­те­рілген көп мәселенің оң шешім табуы жеке жур­­налистің ғана емес, ол қызмет ететін БАҚ беде­лін бекіте түсті.
Сондай қазақ журналистикасы тарихында аталып өтуге тиіс тағы бір елеулі еңбегі – «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше нөмерінде жария­ланған «Шу бойын шулатқан шөп» атты мақа­ла­лар топтамасы. Бұл да сол тұста қазақ жур­налистикасы үшін тосын тақырып екенімен құнды болғанын аға буын журналистер жақсы біледі. Аты айтып тұрғандай, Гүлсім ол еңбегінде есір­ткі мен нашақорлық дертінің қазақ қоға­мы­на сынаптай жайылып, асқынып бара жатқанын алғаш мәселе етіп көтеріп, дабыл қағады; әсіресе, жас ұрпақтың санасы мен денсаулығына төне­тін қатерді нақты деректерге жүгіне отырып жа­­зып, ғасыр ауруының алдын алу жөнінде жа­найқайын жеткізеді. Нәтижесінде, елімізде тиіс­ті мекемелер тарапынан оң шешімдер қа­был­дануына ықпал етуін отандық журналистика пәрменділігін арттыруға қосқан нақты үлесі деп бағалауымызға әбден болады.
Елімізде парламенттік журналистиканың қа­лыптасу тарихында да Гүлсімнің қол­таң­басы бар. Ол кезде Жоғары кеңес аталатын заң шығарушы органның жұмысын елге та­ныс­тыруда алғашқылардың бірі болып қатысқаны есіміз­де. Қазіргідей емес, интернет деген атымен жоқ, компьютердің өзі кең таралмаған, мате­риал­дың бәрі қолмен жазылатын заманда заң шы­ғарушы органның күнделікті тынысын жедел әрі сапалы жеткізу кез келген журналистің қо­лы­нан келетін оңай жұмыс еместігі белгілі. Со­ған қарамастан, ол табандылық танытып, талап үде­сінен шықты. Есінде мәңгілік сақталып қал­ған бақытты сәттерінің бірі – 1990 жылы 25 қа­­­занда Егемендік туралы декларация қабыл­дан­ғанын жұртшылыққа алғашқылардың бірі бо­лып жеткізген тұсы. Аға басылым «Егемен Қа­зақ­стан» газеті тарихында ел аңсаған ақжол­тай хабарды тұңғыш жариялаған журналист болып қалуы – сөз жоқ, оның кәсіби журналистік қызметінің ең бір биік белесі.
Гүлсім – халықаралық саясат тақырыбында да өндірте қалам тербеген журналист. Оның «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Америка аш­са құшағын», «Венгриямен байланыс», «Бакуде бол­ған екі күн», «Иран иірімдері», «Шыңжаңда шыр­қалған ән», «Хафиз бен Сағди елінде», «Хо­ме­нейдің сенімді серігі», «Африканың ала­са­пы­ра­ны» секілді түрлі жанрдағы туындылары – со­ның айқын айғағы. Осылайша, ел тәуелсіздігінің елең-алаңында жас мемлекет – Қазақстанның сыртқы саясаттағы алғашқы қадамдарының жылнамасын жасаудағы ерен еңбегі оны 1993 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен дипломатиялық қызметке ауысуына жетелеп алып келді. Тағдыр жазуы сол кезден бастап екінші саланы құрықтау міндетін мойнына жүктеді. Оған ана тілін ардақ тұтумен бірге, бірнеше шет тілін еркін меңгерген маман болуы, орысша, немісше, ағылшынша ер­кін сөйлеп қана қоймай, сауатты жаза алуы се­беп болды. Әрине, ол табиғи қабілеттен гөрі та­банды еңбек пен өзін-өзі қатаң тәртіпке ба­ғындыра білудің жемісі еді.
Алғашында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ба­сылымы «Дипломатия жаршысы» журна­лы­ның қазақша бөлімінің редакторы болды. Содан кейін сол министрліктің баспасөз қызметінде, мем­лекеттік тіл, Ресеймен байланыс басқар­ма­ларында үшінші, екінші, бірінші хатшы, кеңесші болып қызмет етті. Кейіннен ҚР СІМ жанындағы Дипломатиялық академияда екі жыл білім алып, халықаралық қатынастар мамандығын игеріп алды да, министрліктің Бақылау және құжат ай­налымы, Ақпаратты қорғау басқармаларында басшы болды.
Ал шетелдердегі Қазақстан елшіліктерінде, атап айтқанда, Германиядағы (1994-1996 жж.), Венг­риядағы (2003-2004 жж.), Беларусиядағы (2014-2017 жж.) елшіліктерде пресс-атташе, үшінші хатшы, кеңесші-дипломат лауазымында абы­ройлы да жемісті жұмыс істеген кездері есі­нен кетпейді. Қазір ҚР Сыртқы істер ми­нистр­лі­гінде ТМД мәселелерімен айналысатын бас­қар­мада дипломат-кеңесші болып еңбек етеді. Жоғары дәрежелі I-сыныпты кеңесші дипло­ма­тиялық рангісінің иегері. 
Осылайша, Гүлсім Бақытқызы ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі отыз жылдан асатын қызмет жолында мемлекетіміздің сыртқы байланысын бекемдеуге, ел беделін орнықтыруға үлес қосып келеді. Оның болмысына тән ұлтқа қызмет етудің жауапкершілігі, елдік мүддені бәрінен жоғары қоятын қажыр-қайраты дипломатиялық қызметте де жарқын көрініс тапты. 
Сонау студентік шағында бой көрсеткен ғылымға деген қызығушылығы мемлекеттік қызметте жүрген кезінде ұмыт қалмай, жандана түсуі – оның бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын бірбеткей мінезінің тағы бір айқын айғағы. «Инемен құдық қазғандай» ерінбей еңбектенуді талап ететін зерттеушілік жұмыс машақатына саналы түрде кірісті. Оны осы жолға жетелеген күш – ұлттың тіліне, рухани мұрасына және сол қазынаны қоғам игілігіне айналдыра алған тұлғаларға деген құрметі еді. Зерттеу нысаны ре­тінде ел «Поэзия падишасы» деп таныған Фариза Оңғарсынованың публицистикалық мұрасын таңдауы да сондықтан болатын. Күн-түн демей үлкен ізденіспен жазылған еңбегі зая кетпеді. Қазақ қыздарының даңқын асырған дара тұлғаның жур­налистік және көсемсөзшілік қыз­метіне арналған кандидаттық дис­сертация­сы тың тұжырымдарымен назар аудартып, ғылыми ортада жо­ғары бағасын алды. Зерделі зерттеудің нәтижесі 2009 жылы жарық көрген «Фариза Оңғарсынова – публицист» атты мо­нография болып еліміздегі Жур­налистика фа­культеттері мен кафедра­ларының оқытушылары мен білім алу­шыларына және ақын шығар­ма­шылығына қызыққан қалың оқырманға жол тарт­ты. Кейінірек «Фариза – көсемсөз патшайы­мы» (2016 ж.) деген атаумен оқу құралы болып екін­ші басылыммен қайта шығарылуы кітапқа сұра­ныстың жоғары болғанын айғақтайды. Шығармашылық қуатын айшықтайтын «Ұшқыр қа­лам» (2023 ж.), «Балғын дауыс» (2024 ж.), «Отыз жылдың ой-толғауы» (2025 ж.) атты кі­тап­тары туралы да солай деуге болады.
Ерен еңбек елеусіз қалмайтыны анық. Гүлсімнің 40 жылға жуық тынымсыз еңбегі мемлекет тарапынан бағалаусыз қалған жоқ. Омырауында жарқыраған «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» ордені соның жар­қын жемісі. Журналистік қызметіндегі жетіс­тік­терін сала министрлігі «Ақпарат саласының үз­дігі» төсбелгісімен айшықтаса, мемлекеттік тіл­дің өрісін кеңейтуге сіңірген еңбегін ҚР Ғы­лым және жоғары білім министрлігі «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен баға­лады. Ал «Республикалық «Егемен Қазақстан» газе­тіне 100 жыл» мерейтойлық медалін ием­денуін аға басылымның алғысы деп қабылдадық. Кеудесінде қадалған халықаралық «Мәдениет май­талманы», Ресей Федерациясының «Мәде­ниет пен өнерге сіңірген еңбегі үшін», ТҮРК­СОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынов» медальдары мен «Шың­ғыс Айтматов» ордені, сонымен бірге жуыр­да алған ТМД Парламентаралық Ас­сам­блея­сының Құрмет грамотасы көп жылғы дип­ломаттық қызметінің жарқын жетістігі екені дау­сыз. Ал Атырау облысы Индер ауданының Құр­метті азаматы атағын алуы туған жер даң­қын асырған өжет қыздарына деген өскен өл­ке­нің құрмет-сыйы деп бағалануы тиіс.         

Қайрат САҚ, 
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың
 Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, 
алаштанушы-ғалым