Жаңаөзендік мұғалім ұлттық ойынды заманға сай форматта жаңғыртты

Бүгін, 11:09 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы ҚКО

Жаңаөзен қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәні мұғалімі Гүлжанат Жаңатуған ұлттық құндылықтарды жаңа үлгіде дәріптеу бағытында ерекше жобаны жүзеге асырып келеді. Ол эпоксидті шайырдан ұлттық ойынның басты элементі - асықтарды жасап, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұстаз эпоксидті шайырдың көмегімен тек асықтар ғана емес, түрлі декоративті картиналар да дайындайды. Аталған туындылар интерьерге ерекше сән беріп қана қоймай, әр жұмыстың өзіндік идеясы мен символикалық мазмұнын айқындай түседі.

Шебер дайындаған әр асық баланың ұсақ моторикасын дамытуға, үзіліс уақытын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ ойын арқылы қарым-қатынас мәдениеті мен ойлау қабілетін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Осылайша, қарапайым асық жаңа көркемдік сипатқа ие болып, эстетикалық құндылыққа айналуда.