Талдықорғанда 23 жастағы спортшы Аян Тұрдыбектің өліміне қатысты мән-жайлар тексеріліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Марқұмның құрбысы Гүлім Бектұрғанованың сөзінше, Аян өзін жайсыз сезінген сәтте жедел жәрдем шақырылған. Келген бригада оны тексеріп, тамағын қабынғанын байқаған. Оған дене қызуын түсіретін дәрі ішуді ұсынып, кетіп қалған.
Кейінірек жағдайы одан сайын қиындаған бойжеткенді жақындары ауруханаға өздері апарған. Алайда туыстарының айтуынша, көпбейінді ауруханада Аянның тіркелмегенін айтып, қабылдамай, облыстық ауруханаға жіберген.
Ондағы дәрігерлер науқастың жағдайын "инфекциялық" деп бағалап, инфекциялық ауруханаға бағыттаған. Медициналық мекемеде бойжеткенге екі тамшылатқыш қойылған. Құрбысының айтуынша, басында жағдайы жақсарғандай көрінгенімен, кейін өңі бозарып, еріндері көгеріп кеткен.
Сондай-ақ Аян әрі қарай ауруханада қалудан бас тартып, өз қолымен қолхат жазып берген. Бірақ сол түні оның жағдайы күрт нашарлап, тағы да жедел жәрдем шақырылған. Ол облыстық ауруханаға шұғыл жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмған.
Туыстары Аян Тұрдыбекке медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегенін және медицина қызметкерлері тарапынан салғырттық болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар олар өлім туралы қорытындыда "белгісіз заттан улану" деп көрсетілгенін атап өткен.
Бұл жағдайда қатысты жауап берген Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 9 сәуір күні сағат 18:16-да Аян Тұрдыбекке алдын ала "жіті респираторлық вирустық инфекция" (ЖРВИ) диагнозы қойылып, ем тағайындалған.
"Кейінірек науқас облыстық инфекциялық ауруханаға өз бетімен жүгінген, онда оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, стационарға жату ұсынылған. Алайда ол емделуден бас тартып, тиісті құжатқа қол қойған", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеғұлова.
Оның айтуынша, сағат 03:49-да жедел жәрдемге қайта шақырту түскен. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, науқасты облыстық ауруханаға жеткізген, алайда оны құтқарып қала алмаған.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта 23 жастағы бойжеткеннің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Өңірдің спорт басқармасының ақпаратына сай Аян Тұрдыбек көзі тірісінде күреспен айналысқан және самбодан аймақтық жарыстарда өнер көрсеткен