Балалардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген ата-аналарға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, олар 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы ықтимал. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомство дерегінше, соңғы үш ай ішінде 8 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл жауапкершілікке тартылған.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда ата-аналар терезеге орнатылған масаға қарсы торды қауіпсіз деп есептейді. Алайда мұндай құрылғылар баланың салмағына арналмаған және оны ұстап тұра алмайды. Соның салдарынан жазатайым жағдайлар орын алуы мүмкін.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес, құрылыс компаниялары жаңа тұрғын үйлердің терезелеріне арнайы құлыптар орнатуға міндетті.
Бас прокуратура ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырып, бірнеше қарапайым ережені сақтау қажеттігін атап өтті:
- кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмау;
- жиһазды терезе маңына жақын орналастырмау;
- терезелерге арнайы шектеуіш құралдар орнату;
- баланың терезеге өздігінен жету мүмкіндігін шектеу.