Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде. Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәселен, Алматы қаласында «AMANAT» партиясы Алатау аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Шапағат» ықшамауданында орналасқан «1941-1945 жылдары Отан үшін шайқасқандар ерлігі – мәңгі есте» ескерткіші маңында абаттандыру және тазалық жұмысы жүргізілді. Іс-шара «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде қолға алынып, тарихи мұраларға құрметпен қарау, туған жерге жанашырлық таныту және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру ісіне баса назар аударылды. Оның барысында қатысушылар ескерткіш аумағын қоқыстан тазартып, айналасын ретке келтіріп, гүл егіп, көркейту жұмысын жүргізді. Мұндай игі істер қала экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындарды ортақ жауапкершілікке үндейді.
Іс-шараға Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлжан Бекенова және Саяси кеңес Бюросының мүшесі Ілияс Омаров қатысып, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдерімен бірге тазалық жұмысына белсенді атсалысты. Іс-шара соңында «Кел, шәй ішейік» акциясы аясында қатысушыларға шәй мен тәтті тағамдар ұсынылып, жылы жүздесу ұйымдастырылды.
Ал Алматы облысында Іле өзенінің бойындағы «Көшпенділер қаласы» мен «Таңбалы тас» шатқалының маңы қоқыстан тазартылып, жартастарға жазылған бейберекет жазулар өшірілді. Акцияға 150-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында партия мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, волонтерлер мен жергілікті тұрғындар бар. Нәтижесінде, 9 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
«Іле бойы – өңірдің табиғи ажарын айқындап тұрған, көпшілік жиі келетін ерекше мекен. Алайда демалушылар саны артқан сайын бұл аумақта қоқыс көлемі де көбейіп, жартастарға бейберекет жазу қалдыру сынды келеңсіз әрекеттер белең алып отыр. Былтыр осы аумақта жүргізілген тазалық жұмысы кезінде 30 тоннадан астам қоқыс шығарылған еді. Биыл да мәселенің әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл акцияның басты мәні аумақты тазалаумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – азаматтардың санасына тазалық мәдениетін сіңіріп, туған жерге деген жауапкершілікті күшейту», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров.
«Жастар Рухы» жастар қанаты Алматы облыстық филиалының төрағасы Әділет Айтқазының айтуынша, аумақтың ахуалы алаңдатарлық жағдайда.
«Өзен жағасында пластик бөтелкелер, тамақ қалдықтары, орамалар, шыны сынықтары мен тұрмыстық қоқыс үйіліп қалыпты. Бұған қоса, «Таңбалы тас» шатқалы маңындағы жартастарда демалушылар қалдырған түрлі жазулар да көбейген. Табиғи ландшафт пен тарихи орынның көркін бұзатын мұндай көріністер бұл аумақтағы экологиялық мәдениет мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Іле бойындағы тазалық мәселесін тек қоғамдық белсенділердің күшімен шешу мүмкін емес. Бұл үшін туристік аймақтарда санитарлық инфрақұрылымды күшейтіп, қоқыс контейнерлерінің санын арттыру, бейнебақылау жүйесін орнату қажет.
Абай облысы Бородулиха ауданындағы 1,2 шақырым учаскеде санитарлық тазалық және абаттандыру жұмысы жүргізілді. Акцияға партия мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, студенттер және жергілікті тұрғындар қатысып, ортақ іске белсенді атсалысты. Қатысушылар жол жиегіндегі, қоғамдық аумақтардағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлесін қосты. Нәтижесінде 2,5 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы техника көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.
Бородулиха аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Виктория Мокроусованың айтуынша, «Таза бейсенбі» акциясы – бұл жай ғана тазалық іс-шарасы емес, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыратын маңызды бастама.
«Бүгін біз аудан аумағын ретке келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға үлес қосып отырмыз. Мұндай акциялар елді мекендердің көркеюіне оң әсерін тигізіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді ол.
Бородулиха ауылының тұрғыны Еркежан Маутканованың пікірінше, аталған іс-шара тек тазалық жұмысымен шектелмей, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырады.
«Ауылда осындай тазалық іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп жатқаны қуантады. Оның нәтижесі де бірден байқалады. Таза, жинақы ортада өмір сүру – әр тұрғын үшін аса маңызды», – деді ол.
Павлодар облысы Ақтоғай ауданында «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері мен еріктілері жалғыз тұрып жатқан қариялардың үй аумағын абаттандырды. Акцияға қатысушылар тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаруашылық жұмыстарын қолға алды. Атап айтқанда, олар күл-қоқыс, отын жинап, аулаларды тазалады. Осылайша, жалғыз тұрып жатқан 5 қарияға қолдау көрсетіліп, игі іс-шараға барлығы 20 адам қатысты.