21–28 маусым аралығында Бурабай курорттық аймағында өтетін XII «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Өзбекстан елдерінің командалары қатысады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Айбын» жиыны өңірдегі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің ең ірі алаңдарының бірі болмақ. Биыл оған 54 команда қатысады, оның алтауы шетелден кележді. Жиын жыл сайын еліміздің әртүрлі өңірлерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Бұл Қазақстанның ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге сенімді алаң екенін көрсетеді.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Ақмола облысына барып, алдағы жиынға дайындық барысын тексерді. Инфрақұрылымның дайындығын бағалау және атқарылып жатқан жұмысты үйлестіру мақсатында бағдарламаның негізгі бөлігі өтетін «Амандық» полигонына да барды.
Сапар барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев және тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қатысушыларды орналастыруды ұйымдастыруға және оқу-жаттығу бағдарламасының сапасына жіті назар аударылды. Жиынды жоғары деңгейде өткізу барлық құрылымдардың нақты өзара іс-әрекетін және әрбір қатысушыға мұқият қарауды талап етеді.
– «Айбын» халықаралық жиыны – жастарды тәрбиелеу, патриотизмді нығайту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаң. Біздің ортақ міндетіміз – оны жоғары деңгейде, барлық қатысушылардың қауіпсіздігі мен жағдайына ерекше көңіл бөле отырып өткізу, – деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледж бен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барып, балалардың тұратын жерімен және оқу жағдайымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша дайындықты одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Мұндай жоспарлы шараларды іске асыру жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, әскери-патриоттық қозғалыстың дамуына қосымша серпін береді.