Ұлттық ұландықтар КВН сахнасында топ жарды

Бүгін, 18:21 / Дана Ізтілеуова

Теміртау қаласында өткен «Магнитка» КВН лигасының фестивалінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінің «Ұлттық ұлан» командасы үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған фестивальге барлығы 12 команда қатысып, өзара әзіл мен тапқырлықта бақ сынады. Ойын толықтай орыс тілінде өтті. Соған қарамастан, әскери бөлім намысын қорғаған «Ұлттық ұлан» командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, сахнада өзін еркін ұстай білді.

Команда мүшелері өз өнерлерінде өзекті тақырыптарды қозғап, әскери қызметтің ерекшеліктерін әзілмен шебер жеткізді. Олардың сахна мәдениеті, актерлік шеберлігі мен ұйымшылдығы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Көрермендер де әрбір әзілді ерекше ықыласпен қабылдап, зор қошемет көрсетті.

Фестиваль қорытындысы бойынша 5451 әскери бөлімінің «Ұлттық ұлан» командасы жеңімпаз атанып, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл жеңіс – әскери қызметшілердің тек сапта ғана емес, мәдени-шығармашылық салада да белсенді әрі қабілетті екенін көрсетеді.

Айта кету керек, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қызметтік міндеттерін абыроймен атқарумен қатар, түрлі мәдени іс-шараларға да белсене қатысып, қоғам өміріне өз үлестерін қосып келеді. Теміртау қаласындағы бұл жеңіс – соның жарқын дәлелі.