Жамбыл облысында қылмыс саны азайды – ІІМ

Бүгін, 17:41 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Жамбыл облысында үш айда қылмыс 17,6% төмендеп, құқық бұзушылықтардың саны 19,6% азайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев 2026 жылдың алғашқы үш айының жұмысын қорытындылап, Ішкі істер министрлігінің Алқа отырысында көтерілген мәселелер мен берілген нақты тапсырмаларды жеткізді.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов профилактикалық жұмысты барлық мемлекеттік органмен бірлесіп күшейту, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін енгізу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру және барлық аудандық бөлімде шағын жедел басқару орталықтарының құрылысын аяқтау бойынша айқын міндеттер қойды.

“Заң мен тәртіп” қағидаты аясында өткен жедел кеңесте құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері қаралды.

Есепті кезеңде қылмыстың тіркелуі 17,6% төмендеп, қылмыстарды ашу көрсеткіші 4,2% артты. Мал ұрлығы 65,4%, интернет-алаяқтық 23,4% азайған. Жүйелі алдын алу жұмыстарының нәтижесінде құқық бұзушылықтар санын 19,6% төмендеуіне қол жеткізілді. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 17,9% азайып отыр.

Кеңесте қол жеткізілген оң нәтижелермен қатар, бірқатар кемшілік талқыланып, оларды жою және профилактикалық жұмыстарды күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жиын барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы және қоғамдық орындардағы тәртіп мәселелері кеңінен қаралды.

Сонымен қатар жиын соңында қызметтегі жоғары нәтижелері, қылмыстарды ашудағы және құқық бұзушылықтардың жолын кесудегі жоғары көрсеткіштері үшін бірқатар басқарма бастықтарының жұмысы ерекше атап өтілді. Оларға ПД бастығының бұйрығымен жаңа қызметтік көліктердің кілті табысталды.

Кеңес қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалып, полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар белгіленді.