Coca-Cola компаниясы Шымкентте жалған өнімдерінің сатылып жатқанына шағымданды

Бүгін, 16:51 / Інжу Әлихан
Әділет министрлігі

Қала базарларында жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «Coca-Cola» брендімен қолдан жасалған өнімдерді сату фактілері анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

​Тексеруге құқық иеленуші — «The Coca-Cola Company» компаниясының ресми өтініші негіз болды. Компания өздерінің айрықша құқықтарының бұзылғаны және қала сөрелерінде шығу тегі күмәнді өнімдердің пайда болғаны туралы мәлімдеген.

​Қала базарларының аумағында жүргізілген жоспардан тыс тексерулер барысында контрафактілік салқындатқыш сусындардың ірі партиясын сату фактісі расталды. Өнімдерде қолдан жасау белгілері, таңбалау стандарттарының бұзылуы және құқық иеленушінің тиісті рұқсат құжаттарының болмауы анықталды.

​Анықталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы (Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін соларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік іс қозғалды.

​Іс материалдары сотқа жолданды.

​Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау — басым міндет. Контрафактілік өнім құқық иеленушілерге экономикалық нұқсан келтіріп қана қоймай, сонымен қатар санитарлық нормаларды сақтамай өндірілетіндіктен, тұтынушылардың денсаулығына да қауіп төндіретінін ескертеді.

​Шымкент қаласының Әділет департаменті кәсіпкерлерге контрафактілік тауарларды сатқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертеді және мұндай тексеру іс-шаралары жүйелі түрде жалғасатынын хабарлайды.