Қостанайдағы Гашек көшесінің бойындағы жағалау – қала тұрғындарының отбасымен серуендейтін сүйікті орны. Алайда мұнда ата-аналардың қалтасына салмақ түсіретін ақылы аттракциондардан басқа жағдай жасалмаған. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының араласуымен шешімін тауып, бүгінде жағалауда заманауи ойын алаңы бой көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Динара Кенжеғарина – «Қостанай-Су» мекемесінің технигі, үш баланың анасы. Ол жұмыстан бос уақытында балаларымен бірге жағажай маңында серуендегенді жақсы көреді. Бірақ әрбір серуен отбасы бюджетіне оңай соқпайтын.
«Бір балаға аттракцион бағасы орта есеппен 1500 теңге. Мен сияқты үш баласы бар ана үшін бір кешкі серуеннің өзі 5000 теңгеге жуықтайды. Көршілерден де, таныс ата-аналардан да осы мұңды жиі естимін: серуендейтін жер бар, бірақ балалар тегін ойнайтын қауіпсіз алаң жоқ», – дейді Динара.
Былтыр «AMANAT» партиясының өкілдері Динара Кенжеғарин жұмыс істейтін мекемеге арнайы барып, қызметкерлердің өтініш-тілектерін тыңдады. Үш баланың анасы ата-аналардың атынан осы мәселені көтерді.
«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында бұл мәселе бірден бақылауға алынды. Кейін тиісті мемлекеттік органдарға ресми хат жолданып, жағалау аумағында тегін ойын алаңын салу туралы нақты ұсыныс енгізілді. Партияның осы бастамасының арқасында заманауи алаңның құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Бүгінде Гашек көшесіндегі жағажайда заманауи ойын алаңы жұмыс істеп тұр. Мұндағы басты ерекшелік – қауіпсіздік. Барлық жабдықтар жұмсақ материалдан жасалған, ал жерге арнайы төсеніш төселген. Алаңның ашылуына Динара отбасымен бірге барып, алғашқылардың бірі болып балалары осы алаңда асыр салып ойнағанына куә болды.
«Балаларымның қуанышында шек болмады. Енді біз еш алаңсыз еркін серуендей аламыз. Партияның біз сияқты қарапайым жұмысшылардың дауысына құлақ асқанына, нақты нәтиже көрсеткеніне дән ризамын», – деді ол.