Алматыда оқушыларға кәсіби бағдар беруге арналған жәрмеңке өтті

Бүгін, 09:05 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

Алматы қаласы Алатау ауданындағы №210 мектеп-лицейде кәсіби бағдар беруге арналған «Бүгінгі таңдау – ертеңгі табыс» атты мамандықтар жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шара оқушыларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беретін маңызды алаңға айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жастарға кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары туралы жан-жақты ақпарат ұсыну, сондай-ақ олардың жеке қызығушылықтары мен қабілеттеріне сәйкес дұрыс мамандық таңдауына қолдау көрсету. Осы орайда іс-шара барысында қаладағы және өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері өздерінің білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды.

Қатысушылар оқу орындарының артықшылықтары, ұсынылатын мамандықтар, оқу мерзімі, қабылдау талаптары, грант мүмкіндіктері, өндірістік тәжірибе және түлектерді жұмысқа орналастыру перспективалары жөнінде толық мәлімет алды. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Ұлттық ұлан өкілдері Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясы туралы ақпарат беріп, әскери қызметтің ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндірді. Оқу орындарының өкілдерімен тікелей сұхбат алаңы ұйымдастырылып, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңке аясында кәсіби бағдар беру бойынша кеңестер беріліп, түрлі мамандықтар туралы таныстырылымдар өткізілді. Сондай-ақ оқу орындарының ақпараттық стендтері қойылып, мамандар мен оқытушылардың қатысуымен ашық диалог алаңы ұйымдастырылды.

Іс-шара 8-11 сынып оқушыларына арналды. Мұндай кездесулер оқушылардың болашақ кәсіби бағытын айқындауына, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды анықтауына және өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауына оң ықпал етеді.

Іс-шараға оқушылармен қатар ата-аналар, білім беру және медиа саласының өкілдері де белсенді қатысып, кәсіби бағдар беру жұмысының маңыздылығын атап өтті.

 «Бүгінгі таңда дұрыс мамандық таңдау – әрбір жас үшін аса маңызды қадам. Осындай жәрмеңкелер арқылы біз оқушыларға нақты бағыт-бағдар беріп қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтамыз. Әрбір оқушы өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдап, ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасады деп сенемін», – деп атап өтті мектеп-лицей директоры Гүлнара Ахметов.

Қорытындылай келе, «Бүгінгі таңдау – ертеңгі табыс» атты мамандықтар жәрмеңкесі оқушылар үшін маңызды ақпараттық алаңға айналып, олардың саналы кәсіби таңдау жасауына тың серпін берді. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп күтілуде.