100 миллион теңгені алдап алған: Жетісулық әйелдің айласы әшкере болды

Бүгін, 23:09 / Жамбыл Жайлау
freepik.com

Жетісу облысында өзін кәсіпкер ретінде таныстырып, ірі көлемде алаяқтық жасаған әйелге сот үкімі шықты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы өзін табысты коммерциялық ұйым басшысы ретінде көрсетіп, екі азаматты "пайдалы бизнес-жобаға" қатысуға көндірген. Жоба ұсақ мүйізді мал жеткізуге қатысты болған.

Алайда әйел компанияның мүмкіндіктері мен тауардың бар-жоғы туралы жалған ақпарат берген. Сенімге кіру үшін ол жалған келісімшарттар жасап, қолдан құжаттар пайдаланған, тіпті банк несиесін рәсімдеу әрекеттерін де жүзеге асырған.

Соның нәтижесінде жәбірленушілер несие алып, күдікті басқаратын ұйымның есепшоттарына ірі көлемде қаражат аударған. Бірақ уәде етілгендей мал жеткізілмеген.

Тергеу барысында қаражаттың бір бөлігі шетелге аударылып, қалғаны қолма-қол ақшаға айналдырылғаны анықталды. Келтірілген жалпы шығын 100 миллион теңгеден асқан.

Құқық қорғау органдары келісімшарттардың жалған екенін және көрсетілген мүліктің іс жүзінде жоқ екенін дәлелдеді. Сот бұл әрекетті аса ірі көлемдегі алаяқтық деп таныды.

Нәтижесінде, айыпталушы бес жылға бас бостандығынан айырылып, сондай-ақ белгілі бір мерзімге ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.

Тэгтер:

Жетісу облысы