Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай жаңа салмақ дәрежесіне ауысты

15 сәуір, 2026 / Жамбыл Жайлау
Ben McShane/Sportsfile via Getty Images. Суретте: Нұрбек Оралбай

Қазақстандық боксшы, Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай жаңа салмақ категориясына ауысу туралы шешім қабылдады. Енді ол 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл ақпаратты журналист Аслан Қаженов әлеуметтік желіде жариялап, аталған салмақта бәсекелестік күшейе түсетінін атап өтті.

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Сонымен қатар ол 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында топ жарса, 2026 жылы Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатында алтын медаль иеленген. Бұған дейін оның негізгі жетістіктері 80 келіге дейінгі салмақта тіркелсе, соңғы құрлықтық додада 85 келіде чемпион атанған.

Боксшының егіз ағасы Айбек Оралбай да жоғары жетістіктерімен танымал. Ол – Азияның үш дүркін чемпионы әрі Қазақстан құрамасының капитаны, қазіргі таңда 90 келіден жоғары салмақта World Boxing рейтингінде көш бастап тұр.

Айта кетейік, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында бокс бойынша салмақ дәрежелері шектеулі болады. Ерлер мен әйелдер үшін жеті санаттан ғана қарастырылған. Осыған байланысты Нұрбек Оралбай 80 немесе 90 келі салмақтың бірін таңдауы қажет болған.

Тэгтер:

бокс Нұрбек Оралбай