Илон Маск жаңа XChat мессенджерін 17 сәуірде іске қосуды жоспарлап отыр. Қосымша бастапқы кезеңде iPhone және iPad құрылғыларына қолжетімді болады, ал Android нұсқасының қашан шығатыны әзірге белгісіз, деп хабарлайды turkystan.kz gizchina.com-ға сілтеме жасап.
Жаңа мессенджер жеке коммуникацияға басымдық беретін бөлек өнім ретінде ұсынылып отыр. XChat-те келесі функциялар болады деп мәлімделді: аяғына дейін дейін шифрлау (end-to-end encryption); скриншот жасауға шектеу; телефон нөмірінсіз аудио және видеоқоңыраулар; жоғалып кететін хабарламалар; жарнамасыз жұмыс істеу; Grok жасанды интеллектімен интеграция.
Алайда қауіпсіздікке қатысты бірқатар сұрақтар туындап отыр. Илон Маск шифрлауды «Bitcoin стиліндегі» деп сипаттағанымен, сарапшылар бұл анықтаманы техникалық тұрғыдан дұрыс емес деп бағалайды. Өйткені Bitcoin технологиясы транзакцияларды растауға арналған, ал жеке хат алмасуды қорғау үшін қолданылатын классикалық end-to-end жүйелерден өзгеше.
Сонымен қатар, App Store мәліметтері XChat қолданушылардың орналасқан жері, байланыс деректері, іздеу тарихы сияқты ақпараттарды жинауы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл «толық құпиялылық» туралы уәдемен сәйкес келмейді.
Тағы бір маңызды жайт – қосымша тәуелсіз қауіпсіздік аудитінен өтпеген. Сондықтан оның құпиялылық деңгейі әзірге тек әзірлеушілердің мәлімдемесіне негізделіп отыр.