Түркістанда «AMANAT» бастамасымен заманауи атшабар кешені ашылды

Бүгін, 14:11 / Дана Ізтілеуова
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалар бүгінде нақты нәтижесін көрсетуде. Соның айқын дәлелдерінің бірі – Түркістан қаласында салынған заманауи атшабар кешені, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл нысан партияның назарына алынып, құрылыстың барлық кезеңі жіті бақыланды. Көпфункционалды кешен биылғы наурыз айында толық іске қосылып, Түркістанда ұлттық ат спортының дамуына берік негіз қалады.

Бүгінде жаңа атшабар ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, салт-дәстүрді жаңғыртатын маңызды орталыққа айналды. Халықаралық талаптарға сай салынған кешен іске қосылғалы бері өңірде ат спортына деген қызығушылық артып, кәсіби спортшылар мен жасөспірімдер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Нысан бүгіннің өзінде ауқымды спорттық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беріп отыр.

Онда ұзындығы 4 шақырымға жуық бәйге жолы, 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж, 150 жылқыға арналған атқоралар мен жаттығу алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, көкпар алаңы және тікелей көрсетілімге арналған LED экран орнатылып, көрермендерге де, спортшыларға да барлық жағдай жасалған.

Атшабар базасында ұлттық спорт мектебі жұмыс істейді, онда 600-ден астам оқушы тұрақты түрде жаттығып, 40-тан астам жаттықтырушы кәсіби дайындық жүргізеді.

Спорттық инфрақұрылым мүмкіндігі бүгінде халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу арқылы да дәлелденді. Наурыз айында мұнда көкпардан әлем чемпионаты мен теңге ілуден Азия кубогы өтіп, бірқатар мемлекеттің спортшылары бас қосты. Бұл – Түркістандағы атшабардың аз уақытта маңызды спорт алаңына айналып отырғанының нақты көрінісі. 

«Ат спортының үздіктері жарысқан сайыста Қазақстан ұлттық құрамасы І орын иегері атанды. Түркістан облысының атынан шыққан Абылайхан Нышанбек пен Мамыт Асылжан көкпардан әлем чемпиондары атанды. Қазіргі уақытта көкпардан жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтіп жатыр. Ұлттық спортқа қызығушылық танытатын азаматтар үшін қолайлы жағдай жасап берген «AMANAT» партиясына және Түркістан облысының әкімдігіне алғыс айтамыз», – деді Жанысбек Тұрсынұлы.

Оның айтуынша, бәйге жолы түнгі жарықпен толық қамтылып, кешкі мезгілде де жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол атшабар жобасына қызығушылық танытқан өңірлер көп екенін атап өтті. 

Ең маңыздысы – бұл жоба ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға серпін берді. Бәйге, көкпар, теңге ілу сынды дәстүрлі спорт түрлері жаңа деңгейде дамып, жастар арасында кеңінен насихаттала бастады.

Атшабар құрылысы партияның тікелей бақылауында болып, оның барлық кезеңі жүйелі қадағаланды. Соның нәтижесінде нысан сапалы салынып, уақытында пайдалануға берілді.

Партияның Түркістан қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бақдәулет Тұрмановтың айтуынша, бүгінде бұл атшабар тұтас өңірдің маңызды спорттық және рухани нысанына айналып отыр.

«Жаңадан ашылған атшабар – халық игілігіне берілген стратегиялық маңызы бар нысан. Бұл спорттық кешенді партияның сайлауалды міндеттемелері нақты орындалуының айқын көрінісі деп бағалауға болады», – деді ол.

Жалпы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы – нақты нәтижеге бағытталған құжат. Оның аясында жүзеге асырылған әрбір жоба халық игілігіне қызмет етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Бұл жоба ұлттық спортты жаңа деңгейге көтерумен қатар, еліміздің рухани және туристік орталығы саналатын Түркістанның халықаралық беделін арттыруға жол ашып отыр.

Тэгтер:

Түркістан атшабар заманауи атшабар