Шымкентте патриоттық музей ашылып, жас өрендер ант берді

Бүгін, 11:33 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімі Шымкент қаласының Қаратау ауданында орналасқан Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектеп басшылығымен бірлесіп, мектеп қабырғасында Ұлы Отан соғысы, Ішкі істер органдары және Ұлттық ұланның батырлары мен ардагерлеріне арналған патриоттық музей ашты.

Бұл игі бастама – өскелең ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті, ерлік пен батырлыққа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған үлкен тәрбиелік мәні бар жоба. Жаңа ашылған музейде ел қорғаған батырлардың ерлігі, ардагерлердің өмір жолы, тарихи құжаттар мен жәдігерлер қойылып, келушілерге шежірелі мәліметтер ұсынылды. Мұндай рухани орданың ашылуы – жас буынның тарихи санасын жаңғыртып, олардың отансүйгіштік сезімін арттыруға зор ықпал етері сөзсіз.

Салтанатты жиын аясында мектеп оқушыларынан құралған “Жас бүркіт” әскери-патриоттық клубының мүшелері ант қабылдап, ел алдындағы жауапкершіліктерін сезінген ерекше сәтке куә болды. Жас сарбаздардың жүрек тебірентерлік ант беру рәсімі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Клуб мүшелеріне арнайы Жауынгерлік Тудың табысталуы – олардың болашақта ел қорғаны болуға жасаған алғашқы қадамының айқын белгісі іспетті.

Іс-шара барысында екі мекеме басшылары өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойып, алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды жандандыруға уағдаласты. Бұл келісім – білім беру мен әскери-патриоттық тәрбиені ұштастырудағы маңызды қадамдардың бірі.

Музейдің ашылуына белсенді атсалысқан мектеп директоры, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі және клубтың белсенді оқушылары бөлім командирінің атынан алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Бұл марапаттар – олардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.

Шараға Шымкент қаласы бойынша құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер мен ардагерлер қатысып, жас ұрпаққа ақ баталарын беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ардагерлердің өнегелі әңгімелері жастарға үлкен рухани серпіліс сыйлады.

Кеш соңында мектеп оқушылары мен әскери оркестрдің қатысуымен әсерлі концерттік бағдарлама ұсынылды. Әсем әндер мен патриоттық рухтағы шығармалар көрермендердің көңілінен шығып, шараның маңызын одан әрі арттыра түсті.

Бұл тағылымды шара – жас ұрпақты елін сүюге, Отан алдындағы парызын адал орындауға тәрбиелейтін маңызды бастамалардың бірі. Осындай игі істердің жалғасын табуы – ел болашағының жарқын кепілі.

Капитан М. Шынжігітова

6698 әскери бөлімі