«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы мәселені алғаш рет депутат Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында көтерген-тін. Депутат қаңғыбас иттердің адамға шабуыл жасауы көбейгенін, жыл сайын көбейіп жатқан жануарлардың қоғамға қауіп төндіріп отырғанын айтқан болатын. Сол себепті жаңа заң жобасында бұралқы иттерді эвтаназиялау мәселесі айтылған-ды. Алайда қоғам белсенділерінің ойы бұл мәселеге келгенде екіге жарылып отыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов жануарларды қорғаймыз деп, адам қауіпсіздігін екінші орынға қоюға болмайтынын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әлеуметтік желіде қаңғыбас иттердің тағдырына қатысты пікірталас бұрын - соңды болмаған деңгейде ушығып отыр. Өкінішке қарай, кей жағдайда бұл талқылаулар парасат пен пайымнан гөрі, жеке басқа тиісу мен орынсыз айтыс-тартысқа ұласуында. Әсіресе, әріптесім Еділ Терекбайұлы төңірегіндегі пікірлердің шектен шығып, «пікірлерінен ақ ит кіріп, көк ит шыққан» деңгейге жетуі – қоғамдағы пікір мәдениетінің әлсірегенін көрсететін көрініс. Дана халқымыз «Ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса, не себер?» деп бекер айтпаған. Шынында да, кейбір пікірлерді оқығанда жағамызды ұстап, ойлануға мәжбүр боламыз. Ал шын мәнінде, бұралқы иттердің мәселесі – бұл қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Мәселе болған соң заң қабылданды. Дұрыс шешім. Бұл – ең алдымен қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік жауапкершілік және қоғамның өркениеттік деңгейін айқындайтын күрделі түйін. Иә, біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырмыз, халықаралық гуманитарлық қағидаттарды құрметтейміз, жануарларға деген адамгершілік қатынас – қазіргі өркениеттің ажырамас бөлігі. Алайда, өркениет деген – ең алдымен адам өмірінің құндылығын қорғау екенін ұмытпауымыз керек. Ауылда өсіп, табиғатпен етене жақын болған адам ретінде жануарға жанашырлықтың қадірін жақсы түсінемін. Қазақ ешқашан төрт түлікті теппеген, итті де жеті қазынаның бірі деп қадірлеген. Бірақ бұл – адам қауіпсіздігін екінші орынға ысыру деген сөз емес», – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, бұралқы иттердің қорғансыз бала-шағаға шабуылы көбейген.
«Бүгінгі күні қаңғыбас иттердің адамдарға, әсіресе балаларға шабуыл жасау фактілері көбейіп отыр. Бала қан жұтып жатса, сонда оған бей-жай қарауымыз қажет пе? Пікір жазғандардын баласы сондай күйге түссе не болады? Баласын ит таласа, итті емес баласын жазалай ма? Әлеуметтік желілерде тараған бейнелер мен хабарлардан бұралқы иттер балалар мен аналарды таланғанын талай көрдік. Осындай жағдайда «адамнан итті жоғары қоямыз ба?» деген заңды сұрақ туындайды. Егер адам өз үйінен шығудан қорқатын күйге жетсе, бұл енді зоология мәселесі емес, бұл мемлекеттің тікелей жауапкершілігі. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы ғана 42 мыңнан астам адам бұралқы иттердің шабуылына ұшыраған. Бұл – дабыл қағатын көрсеткіш. Мұндай жағдайда үнсіз қалу немесе мәселені біржақты қарау – болашаққа жасалған қиянатпен тең. Мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты міндет ретінде қарастыруы тиіс. Бұл ретте жүйелі, нақты және батыл шешімдер қажет: бақылаусыз көбейудің алдын алу, тиімді ветеринарлық саясат, жауапты иелік мәдениетін қалыптастыру және қажет болған жағдайда қауіп төндіретін жануарларға қатысты қатаң шаралар қабылдау. Сонымен қатар, қоғам да бұл мәселеде шет қалмауы тиіс. Әр азамат жауапкершілікті сезініп, жануар ұстау мәдениетін сақтауы керек. Қаңғыбас иттердің көбеюі – тек мемлекеттің емес, қоғамның да ортақ олқылығы», – дейді ол.