Түркістанда МӘМС қаражатын заңсыз пайдаланған клиникалар анықталды

Бүгін, 10:49 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаражатты заңсыз алу және жұмсау фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Лицензиясыз консультациялық-диагностикалық қызметтерді сапасыз әрі тиісті деңгейде көрсетпеу жағдайлары белгілі болды.

Мәселен, облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз «офтальмолог», «гастроэнтеролог», «аллерголог», «уролог», «психиатр», «гематолог», «генетик», «қан тамырлары хирургы», «нейрохирург», «нефролог», «инфекционист», «невропатолог», «эндокринолог», «хирург», «кардиолог», «фтизиатр», «рентгенолог», «ревматолог», «онколог» мамандарының атынан 28 мыңнан астам консультация көрсетіліп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған

Аталған факт бойынша материалдар Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеуді аумақтық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген.

Тергеу нәтижесінде келтірілген залал толық өтелуіне байланысты іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар 203 млн теңге көлемінде стоматологиялық қызметтерді жалған көрсету фактілері анықталды.

"Екі аффилирленген клиника өздеріне формалды түрде үш дәрігерді рәсімдеп, электрондық төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілгендей етіп 40 мың жалған стоматологиялық қызмет енгізген.

Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникаларда бір мезгілде ондаған пациентке «қызмет көрсеткені» тіркелген.

Қарсы тексерулер мен пациенттерден алынған жауаптар мұндай деректердің жалған екенін растады.

Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, материалдар сотқа жолданды", - делінген хабарламада.