Павлодарда адамдарды топырақ басып қалды: аман қалған жұмысшылардың жағдайы қалай

Бүгін, 08:58 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Павлодарда су құбырын дәнекерлеу кезінде топырақтың астында қалған жұмысшылардың жағдайы қазір тұрақты. 60 жастағы ер адам жансақтау бөлімінен көп жарақат бөліміне ауыстырылды. Ал 25 жастағы жігіт әлі жансақтау бөлімінде бақылауда жатыр. Зардап шеккен үшінші 56 жастағы ер адам амбулаторлық емдеуге жіберілді, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы жағдай 13 сәуірде Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіп аймағында болған. Қазылған шұңқырға опырылған топырақ бес адамды басып қалған. Шұңқырдың қабырғасы алты метр тереңге опырылған. Екі адам оқиға орнында қаза болды. Құтқарушылар келгенше, кәсіпорын қызметкерлері бір адамды өз күшімен шығарып алған. Тағы екі адамды төтеншеліктер алып шығып, жедел жәрдем қызметіне табыстады. Облыстық полиция қауіпсіздік ережесін бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ал аймақтағы еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, оқиғаның мән-жайын анықтайтын болды.

"Дәнекерлеушілер мен темір ұстасы қаза тапқан болған. Оқиғаны тексеретін арнайы комиссияға Павлодар облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы ретінде мен төрағалық етемін. Комиссия құрамына жұмыс берушілер мен жұмысшы өкілдері кіреді. Қазір қосымша тағы қандай мемлекеттік орган тартылатыны туралы шешім қабылданып жатыр", - дейді Павлодар облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Асқар Қаппанов.