Таразда мектептегі төбелестен кейін оқушы көзінен айрылып қалды (ВИДЕО)

14 сәуір, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Тараз қаласында мектеп ішінде болған жанжал ауыр жағдайға ұласты. 10-сынып оқушысы төбелес салдарынан көзінен айырылып, ауыр халде ауруханаға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға сабақ арасындағы үзілісте қаланың бір мектебінде болған. Мәліметтерге қарағанда, 15 жастағы оқушыны тоғызыншы сынып оқушылары ұлдардың киім ауыстыратын бөлмесіне алдап кіргізген.

Бақылау камерасындағы жазбаларда төбелестің бірден басталғаны көрінеді. Зардап шеккен оқушының досы көмектесуге тырысқанымен, оны ұстап тұрған. Осы уақытта жәбірленушіні басынан ұрып-соққан. Кейін ол өз бетімен бөлмеден шыға алған.

Қазіргі уақытта жасөспірімге ота жасалған. Ол болған оқиғаны толық есіне түсіре алмайды. Анасының айтуынша, бала шабуыл жасағандардың қолында темірге ұқсас зат болғанын байқаған.

Дәрігерлер оның жағдайының ауыр екенін жеткізген. Баланың миы шайқалып, контузия алғаны, ал көзінің қатты зақымданып, іс жүзінде сақтап қалу мүмкін болмағаны айтылды.

Аталған дерек бойынша Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады. Іс "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қаралып жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамау шаралары қабылдануда.

Тэгтер:

мектеп Тараз