Елордадағы мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы продюсер Баян Алагөзова ұйымдастырған "Алтын ханым" жобасында топ жарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жеңімпаз өзіне бұйырған 3 миллион теңге көлеміндегі жүлдені әйелдерді қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаға жұмсайтынын мәлімдеді.
"Маған осындай мүмкіндік берген Баян Мақсатқызына, қолдау көрсеткен отбасыма, ата-анам мен ата-енеме үлкен алғысымды білдіремін", – деді ол.
Сонымен қатар мектеп директоры желідегі парақшасында арнайы жазба жариялап, өзінің жеңісі туралы жазды.
"Бүгінгі жеңіс – менің ғана емес, мені шын жүректен қолдаған әрқайсыңыздың жеңісі. Осы жолда бір сәт те жанымнан табылып, дауыс беріп, жақындарыңызға айтып, қолдау көрсеткен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз маған күш берді, ал махаббаттарыңыз жүрегіме үміт сыйлады. Бұл жеңіс – үлкен жауапкершілік, үлкен аманат. Мен үшін бұл тек бастамасы… Алда әлі талай әдемі белестер бар деп сенемін. Жанымдағы әрбір жанға рахмет! Бірге болғандарыңыз үшін, шынайы қолдауларыңыз үшін, жүректен шыққан әр тілек үшін мың алғыс", – деп жазды ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Ақмоншақ Нұртазақызы – төрт дипломы бар білікті педагог, мектеп директоры және блогер ретінде де танымал.