Талас ауданының прокуратурасы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімінің қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру барысында заңды күшіне енген сот актісі негізінде мемлекет меншігіне қайтарылған жылжымайтын мүлікке үшінші тұлғаның атына жеке меншік құқығының заңсыз тіркелгені анықталды.
Атап айтқанда, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы шешімімен Қаратау қаласында орналасқан, ауданы 0,28 га, нарықтық құны 22 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылған.
Алайда жергілікті атқарушы органның бірнеше рет жүгінуіне қарамастан, уәкілетті орган — «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы аталған жылжымайтын мүлікті мемлекет меншігіне тіркеу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған.
Соның салдарынан жер учаскесі бұрынғы иесінің меншігінде қалып, кейіннен үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделген.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде Қаратау қаласының әкімдігі сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап қоюмен жүгінді.
Аудандық соттың шешімімен талап қанағаттандырылды. 2026 жылғы 19 ақпанда апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша, жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сонымен қатар кінәлі тұлғаларға қатысты қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.