Қара шайдың ең төменгі бағасы Семейде – Ұлттық статистика бюросы

Бүгін, 15:05 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Наурыз айында Қазақстан бойынша қара шайдың орташа бағасы келісіне 5 846 теңгені құрады. Былтырғы наурызбен салыстырғанда шайдың орташа бағасы 6,9% өскен. Орта есеппен қазақстандықтар 250 грамм шай қорабын 1 462 теңгеге алады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлер бөлінісінде қара шайдың ең төменгі бағасы Семей қаласында байқалды - 1 кг үшін 5 300 теңге. Ал ең қымбат шай Шымкенттің бөлшек сауда орындарында сатылған – 6 747 теңге/кг. Сондай-ақ жоғары баға Атырауда (6 338 тг/кг), Қарағандыда (6 216 тг/кг) және Қызылордада (6 069 тг/кг) тіркелді. Қалған қалаларда орташа баға 1 кг үшін 5,4 мыңнан 5,9 мың теңгеге дейін құбылады.

Жалпы шай тұтыну деңгейі бойынша бір адамға айына орта есеппен шамамен 100 грамм шайдан келеді.

Шайдың негізгі жеткізушілерінің қатарында Кения бар – импортталатын өнімнің шамамен 40% осы елдің үлесіне тиесілі. Сондай-ақ негізгі көлемдер Үндістан мен Қытайдан жеткізіледі.