Қызылорда облысында полицей өрттен 2 баланы аман алып қалды

Бүгін, 14:16 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Қызылордада полиция қызметкері екі баланы өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның мәліметінше, сағат шамамен 10:30-да Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты — жалын төртінші қабаттағы пәтердің балконынан тараған. Жағдай күрделі еді.

Сол маңнан өтіп бара жатқан полиция қызметкері Нұржан Нағашыбай дереу жағдайды бағалап, еш ойланбастан өрт ошағына қарай бет алды. Төтенше қызметтердің келуін күтпей-ақ ол түтінге толы пәтерге кіріп, өртті сөндіруге кірісті.

Пәтер ішінде ұйықтап жатқан екі бала болған. Полицей оларды оятып, қауіпті аймақтан алып шығып, тілсіз жаудың ортасынан аман алып қалды.

Оның батыл әрі жанқиярлық әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынып, балалар құтқарылды.

Кейін оқиға орнына қосымша күштер мен төтенше қызметтер келіп, жағдай толық бақылауға алынды.