Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты Достық ауылындағы жаңа мектептің құрылысы ауа райының қолайсыздығына және құрылысшы мамандар тапшылығына байланысты тоқтап тұрған болатын. Былтыр жұмыс жандана түсіп, «AMANAT» сайлауалды бағдарламасы аясында заманауи жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
600 жүз оқушыға есептелген бұл оқу орны – аталған жоба аясында өңірде бой көтерген екінші мектеп. Бұған дейін дәл осындай 1200 орындық білім ордасы Панфилов ауданының Жаркент қаласында пайдалануға берілген-тін.
Республикалық Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы қала және ауыл мектептеріндегі білім сапасын теңестіру міндетін жүктеген болатын. Осыған орай, өңірде, әсіресе ауылдық елді мекендерде, білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық беріліп келеді. Сонымен қатар, жыл сайын мектептердің материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға ерекше мән беріледі.
Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған және оқушылардың жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұнда пәндік кабинеттермен қатар робототехника және лингвистика сыныптары, STEM зертханасы, кітапхана, шеберхана, хореография залы, асхана және өзге де қажетті оқу-кеңістіктер бар. Білім ордасында 59 мұғалім қызмет атқарады.
«Бұл – ел Президенті қойған міндеттерді орындау жолындағы маңызды қадам. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа мектеп – ауыл балаларына сапалы білім алуға жасалған зор мүмкіндік. «AMANAT» партиясы әрқашан халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, ауыл мен қаланың дамуын теңестіруге бағытталған бастамаларды қолдап келеді,» – деді «AMANAT» партиясы Алакөл аудандық филиалының төрағасы Қайрат Көкебаев.
Жуырда Жетісу облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде білім беру саласына қатысты қоғамдық мониторингтің екінші кезеңінің басталуына арналған брифинг өтті. Іс-шара барысында алғашқы кезеңнің қорытындылары сараланып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары кеңінен таныстырылды.
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арынның айтуынша, қоғамдық мониторингтің негізгі мақсаты тек кемшіліктерді тіркеумен шектелмейді.
«Ең бастысы – анықталған мәселелердің нақты шешілуіне ықпал ету. Бұл бағытта әрбір мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізіліп, тиімді әрі нақты ұсыныстар әзірленеді. Аталған ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып қана қоймай, олардың орындалу барысы тұрақты түрде қоғамдық бақылауда болады. Осылайша, мониторинг нәтижелері нақты өзгерістерге алып келіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Айта кету керек, қоғамдық бақылау – бұл жұмыстың 2025 жылы жүргізілген ауқымды мониторингтің жалғасы. Сол кезеңде мониторингке 162 қоғамдық өкіл қатысып, өңірдегі 443 білім беру мекемесі қамтылған.
Нәтижесінде бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Атап айтқанда, 56 мектепте 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген, асханалардағы тамақ сапасына қатысты шағымдар тіркелген, сондай-ақ 300-ден астам бейнебақылау камерасының жұмыс істемейтіні белгілі болды.
Барлық нәтиже қоғамдық кеңес отырысында қаралып, мемлекеттік органдарға нақты ұсынымдар жолданды. Бүгінде анықталған мәселелердің бірқатары өз шешімін тапқан.