Вирустар бір-бірін тыңдап, алдай алатыны анықталды

14 сәуір, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жаңа зерттеу вирустар туралы түсінікті түбегейлі өзгертті. Cell журналында жарияланған жұмысқа сәйкес, кейбір вирустар тек қана иесін жұқтырып қоймай, басқа вирустардың «химиялық сигналдарын» тыңдап, сол ақпаратты өз пайдасына қолдана алады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әңгіме адам вирустары туралы емес, бактерияларды зақымдайтын бактериофагтар жайында. Олар топырақта, суда, тағамда және тірі ағзалардың ішінде кең таралған. Ғалымдар дәл осы фагтар арқылы вирустардың «қарым-қатынасын» зерттеген.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, вирустар arbitrium деп аталатын жүйе арқылы шешім қабылдайды. Бұл – қысқа пептидтерден тұратын сигналдар жүйесі. Осы сигналдарға қарап, вирус екі жолдың бірін таңдайды: жасушаны бірден бұзып, тез көбею немесе уақытша «жасырынып», тыныш күйде қалу. Бұған дейін әр вирус тек «өз» сигналдарын ғана таниды деп есептелген. Алайда жаңа деректер олардың басқа вирустардың сигналдарын да қабылдай алатынын көрсетті. Яғни вирустар бір-бірінің «әңгімесін» тыңдайды. Ең қызығы – бұл ақпарат әрқашан пайдалы бола бермейді. Кей жағдайда бөтен сигнал вирусқа қате шешім қабылдатуы мүмкін. Мысалы, ол тиімді сәтте көбеймей, керісінше баяу режимге өтеді немесе керісінше, пайдасыз уақытта жасушаны бұзады.

Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыс микродүниеде «ақпараттық бәсекелестік» бар екенін көрсетеді. Вирустар тек иесімен ғана емес, бір-бірімен де күреседі.

Зерттеудің практикалық маңызы да бар. Бактериофагтар антибиотиктерге төзімді бактерияларға қарсы балама ретінде қарастырылып келеді. Егер вирустар бір-біріне әсер ете алса, болашақта фаг терапиясын тиімдірек басқаруға мүмкіндік туады.

Тэгтер:

күрес алдау Вирус микроәлем