Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестициялар 3,5 трлн теңгеге жетті

Бүгін, 10:39 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Инвестициялық белсенділік 2026 жылдың басында экономикалық өсімнің негізгі драйвері болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрап, 6,4%-ға ұлғайды. Үкімет отырысында капиталды тарту динамикасы туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қаражатты тарту бойынша көшбасшы өңірлер – Жамбыл, Түркістан және Ұлытау облыстары. Капиталдың ең көп көлемі электрмен жабдықтау, байланыс және ауыл шаруашылығы секторларына салынып жатқаны байқалып отыр. Сыртқы саудада да оң динамика бар: жылдың алғашқы екі айында тауар айналымы 11,3%-ға өсіп, $21,7 млрд-қа жетті.

«Апта сайын Экономикалық өсім жөніндегі жедел штабта нақты кәсіпорындардың проблемалық мәселелері және өнім шығаруды ұлғайту үшін оларды шешу жолдары қаралады. ЖІӨ-нің таргеттелетін өсуін қамтамасыз ету мақсатында салалық министрліктер салаларды дамытудың нысаналы параметрлеріне қол жеткізу үшін барлық қаржылық және қаржылық емес шараларды қабылдауды қамтамасыз етуі қажет», — деп атап өтті вице-министр.