Халықаралық білім олимпиадасы жеңімпаздарына енді 6,5 млн теңгеге дейін беріледі

13 сәуір, 2026 / Жамбыл Жайлау
gov.kz

Қазақстандағы білім беру саласында маңызды өзгеріс енгізілді. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге төленетін біржолғы сыйақы ережелерін жаңартты. Тиісті бұйрық 2026 жылғы 30 наурызда қабылданып, 21 сәуірден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа тәртіпке сәйкес, сыйақыны тағайындайтын негізгі орган – Оқу-ағарту министрлігі болып белгіленді. Бұл төлемдер дербес сипатқа ие: олар тек ағымдағы жылдағы жетістіктер үшін беріледі және бір жыл ішінде қайта төленбейді. Сонымен қатар, сыйақы тек Қазақстан азаматтарына ғана қарастырылған.

Ережеге сәйкес, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ олардың педагог-тәлімгерлері төлем алуға құқылы. Үміткерлер арнайы сауалнаманы толтыруы тиіс, ал кәмелетке толмаған қатысушылардың мәліметтері заңды өкілдері арқылы расталады.

Сыйақы көлемі бұрынғы деңгейде сақталған және жетістік дәрежесіне байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, І дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерлері 1500 АЕК алады, бұл 2026 жылы 6 487 500 теңгеге тең. Күміс медаль мен ІІ дәреже үшін – 1000 АЕК (4 325 000 теңге), ал қола жүлде мен ІІІ дәреже үшін – 500 АЕК (2 162 500 теңге) қарастырылған.

Халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары үшін де осындай деңгейде төлем бекітілген: І орын үшін – 1500 АЕК.

Педагогтер де назардан тыс қалмайды. Оқушыларын халықаралық деңгейдегі жетістікке жеткізген ұстаздарға сыйақы базалық лауазымдық жалақыға (БЛЖ) еселеніп төленеді. Атап айтқанда, алтын медаль иегерін дайындаған мұғалімге – 26,5 еселенген БЛЖ, күміс жүлдегер үшін – 17,5, ал қола үшін – 8,5 еселенген БЛЖ беріледі. Бұл талап халықаралық ғылыми жобалар конкурстары бойынша да қолданылады.

Тэгтер:

Олимпиада сыйақы Оқу-ағарту министрлігі